жұма, 27 желтоқсан, 2024 16:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауыл әкімдері сайланатын күн алыс емес

Ауыл әкімдері сайланатын күн алыс емес
ашық дереккөзі
Ауыл әкімдері сайланатын күн алыс емес
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.
ІЖӨ-де өсім байқалады Аталған мәселе бойынша алғаш болып Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Оның ай­туынша, макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі жөніндегі жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып нақтыланған. «Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5 пайыздан сәуір айының қорытындысы бойынша плюс 0,7 пайызға дейін жақсарды. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұ­найдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқын­далды. Дүниежүзілік банк пен Халық­аралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі осы жылы тиісінше 4,3 пайызды және 6 пайызды құрайды. Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8 пайыздан 3,1 пайызға дейін жақсарды», деді Ә.Ерғалиев. Ведомство басшысының айтуынша, номиналды ішкі жалпы өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургия өндірісінің неғұрлым белсенді өсу есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1 пайыздан 5,2 пайызға дейін жақсарды. «Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға, яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4-6 пайыз дәлізде сақталады. Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда, 2021 жылы 7 трлн 204 млрд теңге көлемінде бағаланады. Ұлттық қордан кепілдендірлген трансферт өзгермейді және 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде сақталады. Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстары 15 трлн 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге қатысты 3,5 пайыз деңгейінде болжанып отыр», деді министр. Бұдан кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасап, респуб­ли­калық бюджетті нақтылау қай сала­ларды қамтитынын түсіндіріп өтті. Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, осы мәсе­ле­ге 1,3 трлн теңге сомасында қосым­ша шығыс қарастырылған. «Соның ішінде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға – 884 млрд теңге, коронавирус инфекциясымен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды қаржыландыруға – 265 млрд теңге, Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауға 154 млрд теңге бөлінеді. Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік басымдығы сақталған. Ал нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшей­тіледі. Бұл туралы бюджет шығыс­та­рының құрылымы көрсетіп отыр. Осы­лайша, оның 723 млрд теңге сомасында едәуір үлкен бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған», деді Е.Жамаубаев. Министрдің сөзіне сүйенсек, мұндай қадам орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Нәти­жесінде, осы саланың шығыстары 2,4 трлн теңгені немесе жалпы шығыстар көлемінің шамамен 16 пайызын құрамақ. «Бюджеттің әлеуметтік саласы жалпы алғанда 374 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7 пайызын құрайды. Күш құрылымы шығыстары 211 млрд теңгеге өсіп, 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған. Жалпы, мемлекеттік шығыстар 80 млрд теңгеге қысқартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл шығыстардың азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты. Қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңір­лерге берілетінін атап өту қажет. Олардың жалпы сомасы 539 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млрд теңге. Нәтижесінде, республикалық бюд­жет­тің параметрлері келесідей қалыптасты. Республикалық бюджет түсімдері 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы ішкі  жалпы өнімнің 3,5 пайызы деңгейінде болжанып отыр, яғни 149 млрд теңгеге өскен. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн теңгеге артып, 15,3 трлн теңгені құрайды», деді ведомство басшысы. Осылайша, алдағы үш жылдың бюд­жеті нақтыланды. Бұл медицина және ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақыларын көбейтуге, еңбекақы төлеу­дегі теңгерімсіздікті жоюға, студенттердің стипендиясы мен талапкерлерге арналған білім гранттарының санын арттыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жо­баларға да тың серпін беріледі. Оның ішінде 3500-ден астам ауылды жаң­ғырту, жолдар салу және жөндеу, қазақ­стандықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты бірқатар ауқымды жұмыс атқа­рылады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін бөлінген қаражат көбейтіліп, 106 миллиард теңгеге жетті. Осы қаржының есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Одан бөлек, бір мыңнан астам әлеуметтік және инженерлік инфра­құрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс­пен қамтудың жол картасын қосым­ша қаржыландыру арқылы 127 инфрақұ­рылымдық жоба іске асырылады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам бизнес-жобаға несие беріліп, соның нәтижесінде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Нақтыланған бюджет еліміздің экономикалық дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Сенат Спикері бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Ол барлық бюджеттік шығын нақты нәтиже беруі керектігіне назар аударып, бюджет қаражатының әр тиынына дейін орнымен жұмсалуы тиіс екенін айтты. Бюджет тапшылығын қысқарту да маңызды міндет болып қала береді. Бюджеттің елеулі бөлігі Ұлттық қордан трансферттеу арқылы құралады. «Біз Ұлттық қорға сене бермей, бюджет шығындары қандай кірістердің есебінен қамтамасыз етілетінін нақты білуіміз керек. 2022 жылы Ұлттық қордан 550 миллиард теңге көлемінде мақсатты трансферт қарастырылып отыр. Соны ескерсек, келесі жылы да салық түсімдерін бюджеттік міндеттемелерді орындауға жеткілікті деңгейге жеткізу жоспарланып отырмағанын байқаймыз. Әлеуметтік бас­тамаларды іске асыру үшін біз тағы да Ұлттық қордағы қаражатты пайдалануға мәжбүрміз. Бұл жоғары білімді кадрлармен қамтамасыз ету, ішкі істер органдары мен медицина қызметкерлерінің жалақыларын өсіру, жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын көбейту және тағы басқа жұмыстарға қажетті қаражат. Оның бәрі тұрақты сипатқа ие шығындар. Сол себепті ол Ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансферт есебінен қаржыландырылмауы керек», деді заң жобасына қатысты пікір білдірген Сенат депутаты Ольга Перепечина. Сенаторлар алдағы уақытта жауапты мемлекеттік органдар экономиканы әртараптандыру мәселесіне баса мән беріп, пандемия салдарын азайтуға және бөлінген қаражатты, оның ішінде Ұлттық қор трансфертін тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті. Айта кетейік, бюджетке түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды қаржыландыру аясында енгізіліп отыр. Сондай-ақ 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Мәжіліс сайлауында қазақстандықтардың басым бөлігі қолдаған Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін де қаржы қарастырылды. Одан бөлек, түзетулер коронавирус індетімен күресті күшейтіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін іске асыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар сай­лау туралы заң жобалары қаралды. Атап айтқанда, «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы сайлау туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Кон­ституциялық заңына өз­герістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» Конс­титуциялық заң жобасы қабыл­данды.   25-ке толған азамат әкімдіктен үміткер бола алады Енді аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлауда сайланады. Әкімдікке жасы 25-ке толған азаматтар үміткер бола алады. Науқанға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. «Мемлекет басшысының өткен жыл­ғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын іске асыру барысында еліміздегі аудандық маңызы бар қала­лардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес біліктілік талаптарына сай келген және 25 жасқа толған еліміздің кез келген азаматы сайлана алады. Саяси партиялар мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызын жинаған кандидаттар сайлауға түсе алады. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқ­тал­ғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қоры­тын­ды шығарылады», деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев. Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ол өз қызметіне кіріседі. Сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай жергілікті бюджет есебінен өткізіледі. «Бюджет заңнамасының нормаларын ескере отырып, 2021-2022 жылдары қаржыландыру республикалық бюджеттен нысаналы трансферттермен, ал кейіннен 2023 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен жалпы сипаттағы трансферт арқылы жүзеге асырылады. Биылғы екінші жартыжылдықта тікелей сайлауды енгізуге 4,8 млрд теңге қажет», деді министр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақы­ры­лымдағы Парламенттің бірінші сессия­сының ашылуында берген тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде саяси пар­тиялардың өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға де­йін төмендейді, сондай-ақ барлық дең­гей­дегі сайлау бюллетеньдеріне «барлы­ғына қарсымын деген» баған қосылады. «Саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшей­туге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ жергілікті әкімдердің сай­лауын өткізу басқару жүйесінің тиім­ді­лігін арттырады деп сенеміз», деді М.Әшім­баев. Қосымша баяндама жасаған сенатор Ләззат Сүлеймен сай­лау туралы заң жобасы аясында 4 заң­ға түзетулер енгізілетінін айтты. Олар – «Қазақ­стан Республикасындағы жергі­лікті мем­ле­кеттік басқару және өзін өзі бас­қару туралы», «Саяси партиялар туралы», «Әскери қыз­мет және әскери қызметшілердің мәр­­те­бесі туралы» «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының мемлекеттік қызметі туралы» заңдар. «Заң жобасының негізгі өзгерістеріне тоқталсақ. Біріншіден, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау енгізіледі. Екіншіден, саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы кезінде депутаттық мандатқа ие болуы үшін алуы тиіс сайлаушылардың 7 пайыз даусын 5 пайызға дейін төмендету ескерілген. Үшіншіден, сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген бағанды енгізу қамтылған», деді депутат. Сенатордың айтуынша, тұжы­рым­да­малық өзгерістер енгізу барысында сарап­шылар, саясаттанушылар, сайлау­шылар, халықаралық ұйымдардың пікі­рі ескерілген. Бұл – түзетулер елімізде жер­гілікті өзін өзі басқару институтын ны­ғай­тудың келесі кезеңін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған нақты қадам. Сон­дай-ақ депутат Орталық Азия мемле­кет­­тері арасында еліміз бірінші болып жер­­гілікті әкімдер сайлауын енгізіп отыр­ғанын атап өтті. «Нақты айтсақ, 2 мың 345 бірлік әкімшілік-аумақтық әкімін сайлау енгі­зіле­ді. Ол 2021-2025 жылдар аралы­ғын­да іс басындағы ауыл әкімдерінің өкілеттік мер­зімдерінің аяқталуына орай, кезең-кезең­мен өткізіледі. Осы жылдың екінші жартысында 836 ауыл әкімі үшін халық тікелей дауыс береді», деді Л.Сүлеймен. Ауыл әкімдігіне саяси партиялар әр округтен бір үміткерден, сондай-ақ азаматтар өзін өзі ұсына алады. Бұдан бөлек, кандидатты ұсыну мерзімі біткенге дейін бір-ақ үміткер қалса, онда аудан әкімі жергілікті халықпен келісіп, өз ұсынысын жасайды. «Сай­лау­­дың барлық кезеңдері ашық, жария­лы өтуі, байқаушылардың қатысуы да заң­ға енгізіліп отыр. Сайлау жүйесі – мажо­ри­­тарлық. Яғни көпшілік дауыс алған аза­мат ауыл әкім болып сайланады және ау­мақтық сайлау комиссиясы оны тір­ке­ген­нен кейін бірден қызметіне кіріседі», деді сенатор. Сондай-ақ заң жобасында ауыл әкіміне сенімсіздік білдірілген жағдайда, оны мәслихаттың қарауына енгізу мәселесі де қарастырылған. Бұл ретте жергілікті қо­ғамдастық жиналысы заңды болуы үшін ауыл тұрғындарының 50 па­йызы қа­тыс­уы тиіс. Ауыл әкімдері болып бәсекеге қабі­лет­ті адамдар келуі осы үрдістің дұрыс қа­лып­тасуы үшін де, жер­гілікті халық үшін де айтарлықтай ма­ңызға ие.   Тәжірибесі жоқ әкім біліктілігін арттырады «Енгізіліп отырған жаңашылдықтар азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асыруда белсенділікті арттыруға жағдай жасайды. Ауыл әкімдерінің жергілікті жерде қордаланған проблемаларды шешуіне, «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ауылдық биліктің дербестігін, жауапкершілігін кеңейту жөніндегі заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл құжатта ауылдарда кіріс базасын кеңейту үшін бюджеттің  төртінші деңгейіне қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру қарас­тырылған. Сайланған тәжірибесі жоқ ауыл әкімдеріне біліктілікті арттыру курс­тары өткізіледі. Өкілетті органдар тиісті бағ­дар­лама да­­йындап жатыр», деді Л.Сүлеймен. Бұдан басқа, отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, қа­был­данды. Депутаттардың айтуынша, қа­былданған заң жобасы саяси бәсе­ке­лес­тікті күшейтіп, қоғамның азамат­тық бел­сенділігін арттырады және «Ха­лық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­да­ма­сын толығымен іске асыруға ықпал етеді. «Бүгін қабылданған заңдар азамат­тардың ауыл әкімін сайлауына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұр­ғындардың жергілікті басқару құрылымын нығайту ісіне араласуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда елімізде 2 345 ауыл әкімі жұмыс істейді. Заң күшіне енгеннен кейін осы жылдың екінші жарты жылдығында 836 әкімді тікелей дауыс беру арқылы сайлау мүмкіндігі туады. Бұл – елімізде жергілікті өзін өзі басқару құрылымын нығайтып, жергілікті жерде халықтық орта қалыптастыратын нақты шешім. Заң жобасында әкімдерді сайлаумен қатар, олардың мемлекеттік бас­қару деңгейіндегі құзыреттілігі айқын­далған. Әкімдердің төте сайлануы жер­гілік­ті мемлекеттік басқару органда­рының ха­лық­тың қажеттіліктері мен проблемала­рын сезіну мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді», деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов. Депутаттың сөзіне сүйенсек, құжаттағы баса көңіл бөлетін бірден-бір маңызды жаңашылдық – аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдігіне үміткерлердің өзін өзі ұсынуы көзделген. «Өзін өзі ұсыну – сайлау процесін өткізудің демократиялылығын, бәсеке­лестігін және баламалылығын қамтамасыз етудің өте маңызды шарттарының бірі. Заң жобаларындағы сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеуі, сондай-ақ бар­лық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «Бар­лығына қарсымын» деген баған қо­­сылғаны – өте елеулі мәселе. Себебі ол сайлау процесінде барлық тіркелген сая­­си партияларды сайлауға қатысуға ынта­ландырып, сайлаушылардың таңдау ер­кіндігін қамтамасыз етеді», деді депутат.
 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар