Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді
- авторjambylinfo.kz
- 4 қыркүйек, 2024
- 449
Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақ тазысын («Kazakh Tazy») ресми түрде ит тұқымы деп әдепкі (алдын ала) тану туралы шешім қабылдады, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының сайтында жарияланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Бұл шешім – қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде толық тану яғни мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең.
«Бүгін сіздердің елдеріңіз үшін де, біз үшін де тарихи күн. FCI Стандарттау жөніндегі комиссиясы мен FCI Ғылыми комиссиясы ұзақ рәсімдерден кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Құттықтаймын! Алдағы уақытта сіздерді 10 жылға созылатын жұмыс күтіп тұр. Осы уақыт ішінде иттердің денсаулығына көптеген тестілер жасалып, жаңадан туған тазы күшіктерінің статистикасы жүргізіледі, бұл деректер FCI Ғылыми комиссиясы үшін қажет. Иттердің денсаулығы мен жай-күйі қазіргі таңда өте маңызды мәселелердің бірі. FCI Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады», деді FCI президенті Тамаш Яккель.
Естеріңізге сала кетейік, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап ҚР Президенті Іс басқармасының қарауына алынған болатын. Өкілетті орган ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі белгіленген.
Өткен 2 жыл ішінде осы бағытта елеулі жұмыс атқарылды: тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер жасалып, асыл тұқымды иттердің байқаулары мен көрмелер өткізілді.
Ит тұқымын Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі саналатын Ұлттық кинологиялық ұйымдар арқылы ғана тіркетуге болады.
2023 жылдың тамызында Қазақстан кинологтары одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның барлық талаптарын орындап, оның толыққанды мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп өзінің ұлттық ит тұқымдарын жариялау құқығына ие болды.
«Біз «Kazakh Tazy» дербес тұқымын таныту үшін Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) барлық талаптарын орындадық. Соның ішінде еліміздің әртүрлі аймақтарында асыл тұқымды иттерді кең ауқымды тексеру жүргізілді. Иттер маңызды генетикалық зерттеулер қамтылған Кешенді медициналық тексеруден өтті, соның арқасында қазақы тазының бірегейлігін айқындайтын бұлтартпас айғақтар ұсындық. Тарихи зерттеулерде 4 мың жылдан астам тарихы бар ит тұқымының шығу тегі мен дамуы толық қамтылып, «қазақы тазы» тұқымының атауы түпкілікті бекітілді. Арнайы монотұқымды иттер көрмесін ұйымдастырып, FCI-дың Стандарттау және ғылым комиссиясының мүшелері тазы тұқымына жататын 100 итті зерттеуіне мүмкіндік туғыздық. Осы еңбектің нәтижелері негізінде бүгін FCI Бас комитетінің бірауыздан қабылдаған шешімімен қазақ тазысы ресми түрде әлемдік деңгейде танылды.
Тазы – біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі, сондықтан біз ұлттық ит тұқымын сақтау әрі насихаттау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұл күн шежіреде тарихи күн ретінде қалатынына сенімдіміз», - деді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз