Қазақстанда мемлекеттік сатып алу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 10 ақпан, 2025
- 886

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алудың жаңа ережелері күшіне енді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл жобаларды, әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысандарды жедел іске қосуға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе жергілікті компаниялардың жеңіске жету мүмкіндігін арттырады.
2024 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету туралы заңға қол қойды. Жаңа ережелер бойынша құжаттарды талқылау мерзімі 5 күннен 2 күнге, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 күнге, өтінімдерді қарау 10 күннен 3 күнге қысқартылды. Рейтингтік-балдық жүйе арқылы жеңімпазды анықтау мерзімі 29 күннен 5 күнге, ал баға ұсыныстарын сұрату мерзімі 5 күннен 2 күнге азайтылды. Жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.
Ақмола облысының Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы жаңа ережелер бойынша алғашқылардың бірі болып өтті. Байқау 8 қаңтарда жарияланып, 6 жұмыс күні ішінде қорытындыланды. Құрылыс 16 қаңтарда басталды. Жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгеден асады. Құрылыс материалдарының 90%-ы жергілікті өндірістен алынады. Ауысымда 78 адамды қабылдайтын мектеп ғимараты екі блоктан тұрады және заманауи спорт залдарымен жабдықталады.