Қазақстанда судьяларға бас бостандығынан айырудың орнына айыппұлдарды жиі қолдану ұсынылды
- авторБақытжан Бекболат
- 28 сәуір, 2025
- 180

Қазақстан судьяларына жаза тағайындау кезінде бас бостандығынан айыруға балама шараларды жиі қолдану ұсынылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ұсыныс судьялардың бірінші тоқсандағы жұмысына арналған жиында берілді. Отырыс Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің төрағалығымен өтті. Бас бостандығынан айыруға балама санкциялар ретінде айыппұл салу, электронды білезіктерді пайдалана отырып үйқамаққа алу және қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты жазалар аталды.
Жиында сондай-ақ "робот-судьяны" — сот шешімдерінің жобасын автоматты түрде әзірлейтін жүйені кеңейту жоспарланып отырғаны белгілі болды.
"Тамыз айынан бері робот дау туғызбайтын дәлелдер мен құқық бұзушының келісімі болған жағдайда 85 мыңнан астам іс бойынша шешім жобасын дайындады. Борышкерлерге елден шығуға тыйым салу туралы қаулылар саны 76%-ға өсіп, 190 мыңға жетті. Алдағы уақытта роботтандыруды әкімшілік қамауға алу және көлік жүргізу кезінде мас күйде болған істерге де енгізу, сондай-ақ басқа да санаттағы істер бойынша болжамдық технологияларды қолдану жоспарлануда", – делінген хабарламада.
Жоғарғы соттың мәліметінше, биыл қаңтар-наурыз айларында азаматтық істер бойынша талап арыздардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өсіп, 393 мыңға жеткен.
"Көбіне банкрот деп тану, шығынды өндіру және шарттық міндеттемелерге байланысты даулар қаралған. Өсімге сонымен қатар сот орындаушыларының ұсыныстары мен борышкерлерді мәжбүрлі түрде жеткізуге санкция беру туралы істердің артуы әсер етті", – деп атап өтті Жоғарғы сотта.