Украинаның экс-президенті Янукович сырттай 15 жылға сотталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 28 сәуір, 2025
- 190

Сот оны сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол 2014 жылы 23 ақпанда Президенттің қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысымен және Ресей Федерациясының өкілдерімен келісіп, Украинаның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін айыпталды.
Прокуратураның мәліметінше, Янукович кемінде 20 адамды – өзіне жақын адамдар мен Мемлекеттік күзет басқармасының әскери қызметкерлерін бірге алып кеткен.
Бұдан бөлек, Янукович Ресейдің Севастополь қаласындағы Қара теңіз флотының аумағында жасырынып, Украина Мемлекеттік күзетінің қызметкерлерін әскери қызметтен бас тартып, Ресейге өтуге үгіттеген. Нәтижесінде бірнеше күзет қызметкері Януковичпен бірге Ресейге кетіп, кері оралмаған.
Сот шешімі бойынша, Янукович сырттай 15 жылға, ал Президент қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Виктор Янукович мемлекетке сатқындық жасағаны және Украинаға қарсы соғысқа көмектескені үшін сырттай 13 жылға сотталған болатын. Ол 2014 жылы елден қашып кеткен еді.