Қазақстанда жетім балаларға тәлімгер болғысы келетін жандарға міндетті оқыту енгізілді
- авторБақытжан Бекболат
- 12 мамыр, 2025
- 148

Енді әрбір үміткер екі аптаға дейінгі оқу курсын аяқтап, тестілеуден өтіп, арнайы сертификат алуы тиіс, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқыту процесін тәлімгерлікпен айналысатын ұйымдар жүргізеді. Қатысу үшін азаматтар жазбаша өтініш пен қажетті құжаттарды тапсырады. Сертификат алу — балалармен жүйелі және сапалы жұмыс істеудің басты шарты.
«Міндетті сертификаттау – балаларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Тәлімгерлердің дайын болуы – олардың балаларды әлеуметке бейімдеуге және өмірге дайындауға әсері мол болатынын білдіреді», — деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Тәлімгер — 18 жасқа толған ҚР азаматы, және қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сай болуы қажет. Бұл қызмет ақысыз негізде жүзеге асырылады және 10 жастан асқан балаларға бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанда тәлімгерлік жүйесі 2024 жылы енгізілген. Оның мақсаты — балаларға жеке қолдау көрсету арқылы оларды өз бетінше өмір сүруге бейімдеу.