Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары азайып кеткен: БЖЗҚ себептерін атады
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 ақпан, 2025
- 185

Қордың мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар айында есептелген инвестициялық табыс көлемі минус 284,86 миллиард теңгені құрады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
БЖЗҚ-ның хабарлауынша, бұл шетел валюталары бағамының құбылмалылығы мен қор инвестициялаған қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты қалыптасты.
"Негізгі себептердің бірі – теңгенің АҚШ долларына шаққандағы нығаюы (525,11-ден 518,14 теңгеге дейін), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарының (МБҚ) нарықтық құнының төмендеуі. Бұл олардың кірістілігінің орта есеппен 40 базистік пунктке өсуімен байланысты. Сонымен қатар, шетелдік нарықтарда сатып алынған активтердің нарықтық құны төмендеді", – делінген хабарламада.
Қаңтардағы нарықтағы құбылмалылық АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтер енгізу туралы мәлімдемесі мен АҚШ-тағы еңбек нарығының тұрақты көрсеткіштері аясында байқалды.
Соған қарамастан, соңғы 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 15,66 пайызды құрады, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 8,90 пайыз болды.
"2025 жылдың қаңтар айында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі (-)1,25 пайызды құрады", – деп көрсетілген есепте.
Жалпы, Ұлттық банк сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22 триллион 282,04 миллиард теңгені құрайды. Портфельдің негізгі үлесін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары иеленеді – олардың қаңтардағы үлесі 41,40 пайызды құрады.