Жаңалықтар
"Қазақстанның табиғаты көмектесті": Ұзақ жылдан соң бала көтерген ресейлік әйел Қазақстанға көшіп келуі жайлы айтты
- авторjambylinfo.kz
- 24 мамыр, 2023
- 195
"Қазақстанның табиғаты көмектесті": Ұзақ жылдан соң бала көтерген ресейлік әйел Қазақстанға көшіп келуі жайлы айтты
26 жастағы ресейлік Алина Руф Қазақстанға осыдан бір жыл бұрын көшіп келген. Неміс ұлтының аруы кәріс жұбайымен Мәскеуде танысқан екен. Ең қызығы, бойжеткеннің өмірі Қазақстанға келгеннен бастап, ғажайып оқиғалармен өзгерістерге тола бастаған. Жұбайымен отасқан алты жылда сәби сүйе алмай түрлі ресейлік дәрігерлердің тексерісінен өтіп, үміті үзілген ару Қазақстанға келген соң денсаулығының қалай өздігінен жақсарғанына таңғалады. Ғажабы да сол, ешқандай емсіз осынша жылдан соң ол сәби көтерді. Алина Stan.kz тілшісіне мұнда өмірін өзгерткен басқа да түрлі қызықты оқиғалары туралы баяндап берді.
Алина Алматыға бір жыл бұрын сәуір айында көшіп келген. Жұбайы екеуінің маркетингтік жарнама агенттігі бар. Айтуынша, Қазақстанға келудің басты себебі де Ресейдегі жағдайға байланысты кәсіпті қалай да құлдыратпай алып қалу болған екен. Алина Рудный қаласында туылғанымен кішкентайынан ата-анасы Мәскеуге көшіп, сол жақта өскен. Алайда араға жылдар сала аруға бұл елге қайта келу мүмкіндігі түсіпті. Қазақстанның табиғаты жүкті болуыма көмектесті Алина жұбайы Тихонмен Мәскеуде танысқан. Айтуынша, өзі этникалық неміс ұлтынан болса, жұбайы этникалық кәріс ұлтының өкілі екен. Отасқандарына алты жыл болған жұбайлар сәбилі болуды жоспарлапты. Алайда Алина Ресейде көптеген мамандарға барса да денсаулығындағы кінәратты емдей алмапты. “Бұл шынымен қызық оқиға. Мәскеуде жүргенімде дәрігерлер мені біресе отаға дайындады, біресе отасыз емдейміз деді. Тіпті көптеген ем курстарынан өтіп, түрлі дәрі-дәрмектер іштім. Алайда менің денсаулығымдағы мәселе шешіле қоймады. Қазақстанға көшкенімізде гинекологияға есепке тұруға бардым. Сосын тексерістерден өттім. Тексеріс нәтижелерінен жағдайымның аса өзгермегенін ұқтым да жүктілікті жоспарлауды кейінгі қалдырдым. Оның үстіне жаңадан көшіп келіп жатқандықтан оны ойлауға шама болмады. Кейін шабыспен бұл мәселені ұмытып та кетіппін”, – деді келіншек. Алина бір жыл өткен соң жағдайына күдіктеніп, жүктілік тестін жасап көруді шешеді. Оң нәтижені көргенде тіпті сенбепті. “Қатты қорқып кеттім. Дәрігерлердің тексерісінен, узиден, барлық талдаулардан өткен соң бір аптадан кейін ғана міне ғажап, деп таңғалдым. Дәрігерлерден “қалай бұлай болды, денсаулығымдағы кінәрат емделіп кетті ме” деп сұрадым. Олар тұрғылықты жер ауысқандықтан, табиғи факторлар көмектесуі мүмкін екенін айтты. Мен мұнда келгелі арнайы емдеуден де өтпеген едім. Тіпті талдау нәтижелері де ағзамда жетіспейтін дәрумендерім көбейіп, денсаулығымның жақсарғанын көрсетті. Қазақстанға келгелі көп серуендеп, салауатты өмір салтын ұстанатын болдым. Мұнда келіп ғажайып орын алды. Қазақстанға келіп жүкті болдым. Мұндағы табиғат, жасыл желек пен күн сәулесі менің денсаулығыма кәдімгідей әсер еткен екен”, - деді ресейлік. Алина кейін елде көп балалы аналардың көп екенін байқаған, тіпті мұндай аураның да денсаулығына көмектесуі мүмкін екенін алға тартты. “Алғашында үй жақта балалардың көптігін көріп жұбайым екеуіміз таңғалатынбыз. Ал қазір өзімде жүктілік кезеңі болып жатыр. Көшелер мен саябақтардағы жас аналарға қарап, жігерленемін. Олар маған қолдау беріп жатады. Бұл мен үшін өте керемет сезім. Оларға қарап мен жалғыз емес екенімді сезінемін”, - деп қосты ол.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз