сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 7:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанның V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңісінде жамбылдық спортшылардың үлесі зор

Қазақстанның V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңісінде жамбылдық спортшылардың үлесі зор
Ашық дереккөз
Жамбылдықтар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында

 Жамбылдық жампоздар байрақты бәсекеде топ жарды V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама сапында Жамбыл облысының 17 спортшысы өнер көрсетті. Олар көкпар, көкбори, жамбы ату, құсбегілік, қазақ күресі, құраш (өзбек күресі), ашырталы аба гүреши (түрік күресі), белбеу секілді сегіз спорт түрінен бақ сынады. Жарыстың алғашқы күнінде жамбылдық спортшылар 1 алтын және 1 қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Елордада Ұлы даланың ұлылығы, ежелгі дәстүрлердің байлығы мен көшпелі мәдениеттің мәңгілік рухы салтанат құрған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтті.

Ербол Қарашөкеев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарған жамбылдық спортшыларды марапаттады. Аймақ басшысы Қазақстанның V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңісінде жамбылдық спортшылардың үлесі зор екенін алға тартып, ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген жамбылдық спортшыларға алғысын жеткізді.

- Баршаңызды бүкіл әлем көз тіккен айтулы додадағы жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздер қазақ спортына, оның ішінде ұлттық спортқа өлшеусіз үлес қостыңыздар. Мемлекет басшысының, жанкүйерлердің сенімін ақтап, батырға тән ерлікті, бірлікті, елдікті көрсеттіңіздер.

Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – ертеңгі жеңістеріңіздің бастауы, – деген облыс әкімі шын таланттарды танып, спортшыларды баптаған бапкерлерге алғыс білдірді.

Ербол Қарашөкеев 2026 жылы Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да жамбылдық спортшылардың топ жарып, үлкен жеңістерге қол жеткізетініне сенім білдірді.

Басқосуда ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының директоры Нұрдәулет Момынов сөз алып, қолдау көрсеткен Мемлекет және облыс басшылығына спортшылардың атынан алғыс білдірді.

Айта кетейік, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орыннан көрініп, 112 медаль иеленді (алтын – 43, күміс – 32, қола – 37). Оның ішінде өңірден шыққан 17 спортшы көкпар, қазақ күресі, бәйге, құсбегілік, көкбөрі, кураш (өзбек күресі), ашыртмалы аба гюреши (түрік күресі) сынды спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсетіп, 7 алтын, 7 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске салайық, Астанада да V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, қаржылай сертификаттар табысталды.

Көшпенділер ойындарында қазақ күресінен ел намысын қорғаған жамбылдық спортшы Рауза Нұрмұхамедова 56 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық белдесуде ресейлік қарсыласы Алена Фатиховадан басым түсті. Ол бұған дейін күрес шебері Әлем және Азия чемпионы, сондай-ақ, Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері атанған болатын. Сондай-ақ, дүбірлі додада кураш спорт түрінен жамбылдық палуан Бекәділ Шәймерденов 81 келі салмақта белдесіп, қола жүлдені еншіледі. Ол спорттық жолында Әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдесіне ие болған. Сонымен бірге осы спорт түрінен 60 келіде Ернұр Сүлеймен, 66 келі салмақта белдескен Айбек Қазақбаев және 73 келіде боз кілемге көтерілген Нұрдін Шаймерден сынды әулиеаталық спортшылар ақтық сында қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Дәл осы 73 келіде Әділет Ахметғали да жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінді. Түрік халқының ұлттық ойындарының бірі – ашыртмалы аба гюрешинен жамбылдық екі спортшымыз финалға жолдама алып, алтын жүлдені сарапқа салған болатын. Өкінішке қарай, финалдық бәсекеде палуандарымыз қарсыластарына есе жіберіп, 60 келі салмақтағы Ернұр Сүлеймен мен 70 келі салмақта белдескен Әділет Ахметғали күміс жүлдеге ие болды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашыртмалы аба гюрешинен 19 мемлекеттен 74 спортшы бағын сынаған болатын. Сонымен бірге облысымыздан құсбегілік өнер бойынша қатысқан ересектер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Бақдаулет Бабажан ителгі құсы сайысында қола жүлдені қоржынға салды.

Ал, дүбірлі доданың басты бәсекесі саналған көкпардан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалында ұлттық құрама Қырғыз командасымен кездесіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бұл спорт түрінен ұлттық құрама сапында ел намысын әулиеатаның Есжан Құрманбай, Құрманбек Тұрғанбек, Құлажан Тоғайбаев, Ернат Мәлімбай, Елдос Асыл сынды спортшыларымыз қорғап, алғашқы салымды Ернат Мәлімбай еншіледі. Десе де бірінші таймда 1:3 есебімен Қырғыз құрамасы алға шықты. Есеп екінші таймда ғана теңесіп, 4:4 есебімен аяқталды. Үзілістен кейін «алтын салым» салуға 10 минут уақыт беріліп, шешуші салымды әулиеаталық Құрманбек Тұрғанбек салды. Тартысқа толы бәсеке 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.

Бүкіл әлем көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13 қыркүйек күні аяқталды. Осы жылдың көктемінде бюджеттің қысқаруына байланысты жабылу рәсімі хаттамалық форматта және көрерменсіз өтті. Қазақстандықтар шараның жабылу салтанатын отандық жетекші телеарналардың тікелей эфирінен тамашалады.Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында спортшылар 21 ойын түрі бойынша бақ сынаса, этноауылдағы мәдени бағдарламада күн сайын 100-ге дейін іс-шара қамтылған. Ұлттық музейде 12 елдің сарапшылары қатысқан “Көшпенділер: тарих, білім, тағылым” атты халықаралық конференция аяқталды.

8-13 қыркүйек аралығында Астанада көшпелі өмірдің түрлі мәдениеті мен дәстүрін көрсететін Көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық адам қатысты. Этноауылда апта бойы күнделікті 100-ге жуық мәдени шара өтті. Ал Ұлттық музейде ғылыми бағдарлама аясында “Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шараға 12 елдің жетекші мамандары қатысты. Ендігі Көшпенділер ойыны 2028 жылы Қырғызстан Республикасында өтеді деп жоспарланып отыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар