
Төтенше жағдайлар департаменті, аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері, полиция және жастар ресурстық орталықтарының мамандары ата-аналар мен балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпті жағдайлардың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар беруде, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жуалы ауданында «Қауіпсіз балалық шақ» атты профилактикалық акция өтті. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мектеп оқушыларына күнделікті өмірде, көшеде, жолда, су айдындарының маңында және тұрмыстық жағдайларда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін кеңінен түсіндірді.
Мамандар балаларға ашық отты, электр құрылғыларын абайсыз қолданудың салдары мен терезе, балкон маңында ойнаудың қаупін нақты мысалдармен жеткізді. Арнайы бейнематериалдар көрсетіліп, қауіптің алдын алу жолдары интерактивті форматта түсіндірілді.
Ата-аналарға қауіпсіз тұрмыстық ортаны қалыптастыру, балалардың бос уақытын қадағалау және жеке қауіпсіздік негіздерін ерте жастан үйретудің маңыздылығы айтылды. Іс-шара барысында жадынамалар таратылып, оқушылармен викториналар ұйымдастырылды.
Ал, Сарысу ауданында «Бала қауіпсіздігі – басты мақсатымыз» тақырыбында арнайы оқу сабағы өткізілді. Іс-шараға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, Полиция бөлімі және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысып, Шоқай Датқа мектебінің оқушылары мен ата-аналарына судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Мамандар жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылмау, балаларды судың маңында жалғыз қалдырмау, мас күйінде суға түспеу сынды маңызды ережелерді ерекше атап өтті. Жаз айларында жиі кездесетін қауіп-қатерлер нақты мысалдармен көрсетіліп, алғашқы көмек көрсету тәсілдері де түсіндірілді.
Сонымен қатар, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарға ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша айыппұл қарастырылғаны ескертілді. Бұл – тек әкімшілік жауапкершілік қана емес, әрбір азаматтың қоғамдық қауіпсіздік алдындағы жауапкершілігін сезінуіне бағытталған әрекет.
Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №14 орта мектепте балалардың жазғы демалыс кезеңінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ата-аналар жиналысы өтті. Оған Азаматтық қорғаныс басқармасының өкілдері арнайы қатысып, ақпараттық-танымдық бағдарлама ұсынды.
Жиналыс барысында өңірде орын алған судағы жазатайым оқиғалардың нақты статистикасы келтіріліп, ата-аналарға балаларды әркез бақылауда ұстау – тек қамқорлық емес, олардың өміріне деген жауапкершілік екендігі баса айтылды.
Мамандар жасөспірімдердің көп уақытын ересектердің қарауынсыз өткізетін орындарына ерекше назар аударып, қоғамдық орындарда, ойын алаңдарында, өзен-көл жағалауында қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін ұсынды.
Іс-шаралар барысында мамандар ата-аналарға тек қауіптен сақтандыру емес, сонымен қатар балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырудың да маңызы зор екенін еске салды.
Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы тек қана ойын-сауықпен емес, түрлі үйірмелер, спорттық секциялар, мәдени және танымдық іс-шаралар арқылы мазмұнды өтуі қажет. Бұл – оларды қауіп-қатерден алшақтатып қана қоймай, тұлғалық дамуына да оң әсер етеді.
Жергілікті билік органдары мен мектеп ұжымдарына балалар үшін қауіпсіз және пайдалы жазғы демалыс бағдарламаларын жасақтау, жазғы лагерьлердегі санитарлық және қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылау ұсынылды.
Жаз – балалар үшін еркіндік пен демалыстың кезеңі болғанымен, бұл уақытта ата-аналар мен жауапты мекемелер үшін қауіптің алдын алу міндеті арта түседі.
Төтенше жағдайлар қызметі жүргізіп отырған ақпараттық және алдын алу шаралары – болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне салынған іргетас іспетті.
Әрбір ата-ана өз баласының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамаса, жергілікті қауымдастық пен мектептер өзара әрекеттесіп жұмыс істесе, жазғы демалыс тек жағымды әсер мен жарқын естеліктерге толы болары сөзсіз.