Серік Сәлемов Меркі ауданына жұмыс сапарымен барды
- авторМағжан Орынбасар
- 14 мамыр, 2025
- 149

Шараға Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары және орынбасарлары, колледж студенттері, белсенді жастар, түрлі сала мамандары мен аудан тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиынды ашқан Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды тілге тиек етті.
Ал, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасап, Меркі ауданындағы ахуалға тоқталды.
– Мұндай форматтағы кездесулер бұған дейін арнайы бекітілген кестеге сәйкес Тараз қаласында, Талас және Мойынқұм аудандарында өткізілген болатын. Аталған өңірлерде құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды ұсыныстар мен нақты ойлар ортаға салынып, талқыланды. Енді, міне, сол бастаманың жалғасы Меркі ауданында өтуде. Меркі ауданы бойынша қысқаша статистикалық мәліметтерге тоқталайын, ауданның жалпы халқы – 88 148 адам. Оның ішінде 25 614 адам немесе 29,1 пайызы – жастар. 2025 жылдың алғашқы төрт айында облыс бойынша 1562 құқықбұзушылық тіркелсе, соның 83-і Меркі ауданына тиесілі. Сонымен қатар, аудан көлемінде ересектер арасында 3 суицид фактісі орын алған. Облыс бойынша 538 жол-көлік оқиғасы тіркелген болса, Меркі ауданында 16 оқиға орын алған. Салдарынан 36 адам зардап шегіп, 29 адам жараланып, 2 адам қаза тапқан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 1583 адам. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен және өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Әрине, бұл тек әкімдік пен құзырлы органдардың жұмысына ғана емес, қоғамның, әрбір азаматтың белсенділігі мен ынтасына да байланысты. Қоғам болып жұмылмайынша, бұл мәселелердің алдын алу қиындық туғызары анық. Аталған мәселелер облыс және аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі ел азаматтарының қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етуді кез келген реформаның өзегі деп атап өтеді. "Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның тірегі" деген ұстаным біздің жұмысымыздың басты бағдарына айналды. Басқосудың негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтауға деген ортақ жауапкершілікті арттыру. Заңды білу және оны сақтау – өркениетті қоғамның айқын белгісі. Әсіресе жастарымыз заң талаптарын терең меңгеріп, құқықтық сауаттылықтарын арттыра түссе, бұл – ел болашағына салынған маңызды инвестиция. Бұл жиын – біржақты есеп беру емес, керісінше ашық пікір алмасу, өзара сенім мен серіктестікке негізделген диалог алаңы, – деді Серік Сәлемов.
Жиын барысында полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев жастар арасындағы құқықбұзушылық бойынша баяндама жасап, арнайы бейнероликтер көрсетті.
Ал, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Еркін Қуанышев азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталса, Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Қадыралиев өңірдегі атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Жиын қорытындысында Серік Сәлемов заң мен тәртіптің қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың негізі екенін атап өтіп, мұндай құндылықтарды сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін жеткізді.
– Заң мен тәртіп үстемдік етпеген елдің болашағы бұлыңғыр. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов қай істің болсын өнуіне үш шарт бар дейді: ең әуелі – ниет, одан соң – күш, содан кейін – тәртіп қажет. Расыменде, заң мен тәртіп – әділеттің негізі, тұрақтылық пен дамудың діңгегі. Оларды сақтау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз, – деп жиынды қорытындылады облыс әкімінің орынбасары.