жұма, 22 қараша, 2024 22:16

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Балабақша - менің өмірім"-ұстаз

"Балабақша - менің өмірім"-ұстаз
ашық дереккөз
Еліміздің ертеңі болатын тұлғаны қалыптастыру балабақша тәрбиешілерінің де еншісінде. Тәрбиеші-педагогтің тынымсыз еңбегін қандай сөзбен өрнектесек те аздық ететіндей көрінеді. Әрбір шаңырақты шаттыққа кенелтетін бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәрбие мен білім беру төзімділік пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп ақын Абай атамыз бірауыз сөзбен-ақ тәрбиешінің болмысын шынайы суреттеген. Осындай ілтипатқа ие тәрбиешілер арамызда аз емес. Көпшіліктің алғысына бөленген, бала жанына жол таба білген тәрбиешінің бірі Шариха Абилдаева Қайрат ауылындағы «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасының «Шұғыла» тобында жұмыс істейді.

Тәрбиеші Шариха Егімбайқызы бала үшін жаралған жан. Өмірі мен еңбек жолы балаға білім мен тәрбие берумен ұштасқан. Ұзақ жылдар бойы талай баланы балабақшадан ұшырып, тәлім-тәрбие беруде.

Ол 1963 жылы Т.Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Талас ауданында өткен Шариха Егімбайқызы Тараз қаласындағы сол кездегі Абай атындағы педагогикалық колледжді бастауыш сынып мұғалімі мамандығымен аяқтап, одан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі.

Алғашқы еңбек жолын Талас ауданындағы Үшарал орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды.Өмірлік серігі Мейрамбек Бейсеновті жолықтырып, Бейсеновтер отбасына келін болып түседі.1986 жылы Жамбыл ауданы, Пригородный ауылындағы Ә.Әйтиев атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасып, балалармен тағы да қауышады. Шариха Егімбайқызы сол жерде 10 жыл қызмет етеді. Араға бес жыл санып 2003 жылы Жуалы жеріне отбасымен бірге қоныс аударады. Ауданға келген соң кәсіпкерлікпен айналысады.

Мұнда кафені жалға алып отбасымен жұмыс бастайды. «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасына 2011 жылдан бастап жұмысқа қабылданып, бүгінгі күнге дейін осы ұжымда абыройлы еңбек етуде.Ұжымға сыйлы, ата-ананың құрметіне ие, бала жанының бағбанына айналған Шариха Егімбайқызы: «Бізге балалардың амандығы аманатталады. Ата-аналар балаларына жақсы тәлім-тәрбие, білім береді деп сенім артады. Осы сенімнің үдесінен шығып, ата-аналар алаңдамауы үшін баланы күліп қарсы алып, олармен балаша тіл табысамыз. Осы топта 13 жылға жуық бүлдіршіндерді кезең-кезеңімен тәрбиелеудемін», дейді тәрбиеші.


Ол өмірлік мақсаты мен арманын бүлдіршендерімен байланыстырады. Топтан түлеп ұшқан балалары жақсы азамат, тұлға болып қалыптасқанын қалайды.

– Бізге әртүрлі бала келеді. Қанша бала болса сонша болмыс пен мінез бар. Солардың барлығын бір ортаға сыйдырып, үш мақсатта жұмыс істеуіміз керек. Яғни, балаға берген білім тәрбиелік, білімділік, дамытушылық жағынан әсер етуі керек.

Менің шығармашылық жұмысым ертегімен тікелей байланысты. Сондықтан балаларға қазақ халқының «Бауырсақ», «Жеті лақ», «Шалқан», «Мақта қыз бен мысық» ертегілері мен «Алдар көсенің» оқиғаларын айтамыз. Ертегінің тәрбиелік маңызы зор. Ертегі балалардың ой өрісін дамытумен қатар, тілалғыштыққа, мейірімділікке, достыққа баулиды. Ойын арқылы ортаға бейімделеді.

Әр баланың ойынға бейімі арқылы қай мамандыққа жақын болатынын аңғаруға болады.Бала жылулықты, көңіл бөлгенді жақсы көреді. Олармен жұмыс істегенде де эмоцияны өзгертіп, түрлі әдістерді қолдану керек. Олай болмаса бала жалығады. Топтағы бала күтуші Мадина Тәукебаева да бүлдіршіндермен жұмыс істеуде өз көмегін аямайды.

Бірлесіп топтағы балалардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткіземіз. Сонымен қатар, әріптесім Ұлдана Мекенбай да балаларға білім мен тәрбие беруде өз үлесін қосуда.

Балабақша – менің өмірім. Әр күні бүлдіршіндердің күлімсіреген жүзін көруге асығамын. Олармен бірге жүргенде балаша шаттанамын. Мен өз жұмысымды, балаларды жақсы көремін. Олар «апалап» алдымызға келгенде мейірлене түсеміз, – дейді тәжірибелі тәрбиеші.


Шариха Егімбайқызы отбасында үш ұлды дүниеге әкелген. Тұңғыштары Дәурен полиция қызметкері, ортаншы ұлдары Дінмұхамед 2011 жылы мезгілсіз өмірден өтіпті. Үйдің кенжесі Данияр Т.Рысқұлов ауданында «Қытай Газ» компаниясында жұмыс істейді.

Тараз қаласында тұрады. Келіндері Арайлым Б.Момышұлы ауылында банкте еңбек етсе, ал екінші келіні Аяжан блогер.Мейрамбек Анарбекұлы мен Шариха Егімбайқызы Алдияр, Ахмедияр, Альтайр есімді үш бірдей немеренің бақытты ата-әжесі.

Баланың жанына терең үңілген жан ғана оның жүрегіне жол табады. Бала жанының бағбаны қандай болса, өскелең ұрпақ солай өнеге алып өседі. Тәжірибелі маман Шариха Егімбайқызы ұжымның мақтанышы, балалардың қамқоршысы. Осынау мамандықтың қыр-сырын, қиындығы мен қызығын балалармен бірге жүріп сезінеді.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар