дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 17:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Білім беруде тың тәсілді қолданатын ұстаз

Білім беруде тың тәсілді қолданатын ұстаз
ашық дереккөз
Заманауи ұстаз қандай болуы керек? Оқушының сабаққа деген сүйіспеншілігін оятатын не нәрсе? Әсіресе техника күн санап дамып жатқан XXI ғасырда оқушыны әлденемен таңдандыру қиынның қиыны. Себебі бүгінгі балаға қарапайым дүниелер қызық емес. Олардың санасы қызық һәм ерекше жаңалықтарды ғана қалайды.

Сондай жаңа тәсілді қолданып жүрген физика пәнінің мұғалімі, бүгінгі таңда әлеуметтік желіде көпке танылып, түрлі республикалық хабарларға қатысып, ерекше тәсілімен елді таңдандырған Рауан Жаңабай ән мәтіндерін өзгерту арқылы оқушыларға формулалар мен заңдылықтарды оңай түсіндірудің жолын тапқан. 

– Тараз қаласындағы №36 орта мектепті тәмамдадым. 8-сыныпқа дейін жақсы оқыдым. Ары қарай спортқа қызығып, 2 жыл бокспен айналыстым. Сол себепті сабақ үлгерімім төмендеп кетті. Бірақ бокстан облыстың екі дүркін чемпионы атандым. Серік Қонақбаев атындағы турнирдің чемпионы болдым. Бұл спортпен шұғылданған екі жылымның босқа өтпегенін көрсетеді. 9-10-сыныптарда оқуға құштарлығым қайта артып, сабақ үлгерімім жақсарды. 11-сыныпта бар уақытым ҰБТ-ға дайындалумен өтіп, нәтижесінде грантқа оқуға түстім.11-сыныпты бітіретін кезде №125 орталығында физика пәнінен ассистент болдым. Осылайша ұстаздық мамандық ұнап, физиканы тереңінен зерттей бастадым. Әр сабағыма үлкен дайындықпен кіретінмін. Өзіме физика пәнінің формулалары мен заңдылықтары қатты ұнайтын. Сондықтан аталған пәнге қатысты ізденіп, қызыға оқи бердім.Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алып, Сүлеймен Демирел атындағы университетке «Физика-информатика мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түстім. Білім игеру жолы өте қиын болды. Сабаққа бір жарым жыл ғана офлайн қатыссам, ары қарай карантинге байланысты онлайн оқыдым. 4 жыл бойы оқып қана қоймай, әртүрлі орталықтарда оқушыларды ҰБТ-ға дайындадым.Кейін Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Физика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша магистратураға грантқа түстім. Солай екі жылда педагогика ғылымдарының магистрі атандым, – дейді Рауан Есенұлы.

Осы орайда оқырманды «Рауанға физика пәнін әнмен оқыту идеясы қалай келді және бұл қай әннен бастау алды?» деген сұрақ қызықтыруы мүмкін. Жас ұстаз мұндай ерекше әдісті ұстануға Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқып жүргенде ұмтылған. Ал тың ой Рон Кларк атты мұғалім жайлы фильмді көрген кезде туған. Фильм сюжетінде ұстаз АҚШ президенттерінің тізімін рэппен оқып түсіндіреді. Рауанға бұл идея қатты ұнайды. Бірақ іске бірден кірісіп кетуге батылдығы жібермей жүріп қалады. Кейінірек Қазақстанда Ұлан Үсенов атты химия пәні мұғалімінің осы тәсілмен дәріс бергенін көреді.

– Магистратурада білім алып жүргенде физиканы қызықты түсіндіру керек деп бір группаласым молекуланы әнмен түсіндірді. Сол сәтте-ақ осылай физика туралы ән жазып көрейін деп шештім. Ең алғашқы таңдауым Аргония мен Айқынның «Сендей ару жоқ» әніне түсті. Сөйтіп, әртүрлі ортадағы электр тоғы тақырыбын әнмен түсіндірдім. Сол ән арқылы «Instagram»-мен «Tik Tok»-та таныла бастадым. «Таңшолпан» бағдарламасына шақырды. 

Алдыма қойған мақсатым – физика пәнінен ағылшын, орыс тілдерінде сабақ беру. Өзімнің онлайн мектебімді дамытуды қолға алуды да жоспарлап жүрмін. Әзірге тек физика, математика, математикалық сауаттылықтан видео-сабақтарымыз бар. Соны дамытып, Қазақстандағы үздік мектептердің қатарынан табылуды қолға алмақпын, – дейді Рауан Жаңабай.

Біз осы ретте Рауан ұстаздың шәкірттерінің бірін сөзге тартып, физиканы әнмен түсіндірудің әсері қандай болатынын сұрадық. 

– Рауан ағайды алдымен теледидардан көріп, таң-тамаша қалдым. Содан кейін әлеуметтік желіден іздестіріп, парақшасын тауып алдым. Өзім физика пәніне қатты қызыққаныммен кей формулалар мен ережелерді түсіну сәл қиындық тудыратын. Ал әнмен тыңдағанда ерекше күйге бөленесің. Ән көңіліңді көтеріп, тағы да тереңдетіп үйренуге талпындырады. Тіпті барлық пән осылай түсіндірілсе деп ойланасың. Мұндай тәсілді алдағы уақытта мектепке енгізу керек деп ойлаймын, – дейді физика пәніне қызығушылық танытып жүрген 11-сынып оқушысы Марат Мамыров.
 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар