дүйсенбі, 25 қараша, 2024 19:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бас мүфти: Мешіттер де біртіндеп Ashyq жүйесіне қосылады

Бас мүфти: Мешіттер де біртіндеп Ashyq жүйесіне қосылады
ашық дереккөзі
Бас мүфти: Мешіттер де біртіндеп Ashyq жүйесіне қосылады
Еліміздің мешіттері қашан мінәжат етушілерді Ashyq қосымшасы арқылы қабылдай бастайды? Құрбан рәсімін мейлінше өркениет талаптарына жақындату ісінде қай елдердің тәжірибесін пайдаланған жөн? «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың ұсынысына қатысты ҚМДБ ұстанымы қандай? Қазақпарат тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен осы және өзге де сауалдар төңірегінде сұхбат құрған болатын. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет Елордада Құрбан айтқа байлап қойған бұқа қашып кетіп, полицейлерді әбігерге салды Өзбекстанда айт намазы жамағатпен бірге оқылмайтын болды Алматыда құрбандыққа шалынған мал еті 5 мың мұқтаж отбасына таратылады – Құрметті Наурызбай қажы, Құрбан айт мерекесіне орай қазақстандықтарға жолдаған үндеуіңізде қуаңшылықтан зардап шеккен малды ауылдарға ҚМДБ көмек жібергенін айтыпсыз. Қанша тонна жем-шөп жіберілгенін, олардың кімдерге және қалай таратылатынын айта кетсеңіз. Мұны біз өзге де ұйымдарға, ұжымдарға үлгі болар деген мақсатпен сұрап отырмыз . – Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді...» деген сүйінші хабар жеткізген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жіберіледі. Осы игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол ұшын созуға шақырамын. Қазіргі таңда «Зекет» қорының ұйымдастыруымен 10 500 шөп орамы Қызылорда мен Маңғыстау облысына жеткізілді. Ұйымдастыру шараларын мешіт жанынан құрылған жұмыс тобы жүзеге асыруда. – ҚМДБ жылда кәсіпкерлер мен сауда орындарының иелеріне Құрбан айт кезінде бағаны аспандатпай, мүмкін болғанша түсіру туралы үндеу жолдап жатады. Соған құлақ асу жағы қалай? Мысалы былтырғы пандемия кезінде мүфтият жолдаған үндеуден кейін бағаның сәл де болса төмендегенін байқай алдыңыздар ма? – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан, сонымен қатар барлық облыстағы өкілдік жанынан Құрбан айтты атап өтуге байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы ұйымдастыру, үйлестіру, қадағалау, бақылау, құрбандық етін мұқтаж жандарға жеткізу, т.б. іс-шаралармен айналысады. Жұмыс тобы мал бағасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндігінше ықпал етеді. Өйткені, осыған дейін біз шаруа қожалықтары басшыларымен арнайы кездесіп, оларға мал бағасын қымбаттатпау туралы насихатымызды жеткізіп, Абай айтқандай, пайда емес, ар ойлауға шақырдық. Адамның алғысын алып, батасына бөлену – сауапты істің бірі. Халқымыз: «Алғыс алған арымас. Бота алғанша бата ал» дейді емес пе? Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге арнайы үндеу жолдадым. Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырдым. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндедім. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік. Жаратушы Иеміз Құранда: «Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер» («Әл-Имран» сүресі, 92-аят) деп баяндаған. Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, тауар бағаларына жеңілдік жасап, әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысуымыз керек. Аллаға шүкір, үндеуімізге үн қосып, сауапты іске үлес қосуға ниетін білдіріп жатқан жандар көп. Оларға Алла разы болсын дегім келеді. Өткен жылы шаруа қожалықтарының басшылары үндеуімізге үн қосып, қой мен ірі қараны нарықтағы бағадан 10-20 пайызға дейін төмендетіп берді. Осы жылы да бұл іс жалғасын табады деген сенімдемін. «Қызыл» және «сары» статусты құрбан шалатын орындарға адамдар жіберілмейді – Бүкіл ислам әлемі Құрбан айтты биыл екінші жыл пандемия жағдайында қарсы алып отыр. Мерекемен байланысты діни рәсімдердің қалай өтетінін жер-жердегі санитар дәрігерлер шешіп жатыр. Сонда да, сізден нақтылай кеткіміз келіп отыр. Құрбан айтты атап өту «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтар бойынша түрлі стандартпен өте ме, әлде бүкіл Қазақстан бойынша бір ортақ стандарт енгізіп отырсыздар ма? – 2021 жылы құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады. Біріншісі –мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу. Екіншісі –еліміздің «қызыл» аймақтарында бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру. Аталған сайт айттың үшінші күні, яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыс бере алады. Ал ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз. - Елімізде вакциналау жүріп жатыр. Аурудың таралуын болдырмау үшін Ashyq жүйесі енгізілгенін білесіз. Оған қатысқан нысандар адамдарды сырқат деректері бойынша сүзгіден өткізіп қабылдай бастады. Құрбан айт күндерінде мешіттерде осы жүйе жұмыс істеуі мүмкін бе? Жалпы мешіттер аталмыш жүйеге енгізілген бе? - Биыл құрбандық шалатын арнайы орындарда «ASHYQ» мобильді қосымшасы іске қосылды. «Сары» және «жасыл» аймақтағы құрбандық шалатын арнайы орындарда азаматтардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осы істі қолға алдық. «Қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, «көк», «жасыл» мәртебесі бар азаматтар ғана жіберіледі. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, облыстардың әкімдіктері, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері Діни басқармамен бірлесіп, еліміздің өңірлерінде «Ashyq» мобильді қосымшасы аясында халық арасындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Мешіт қызметкерлері пандемия кезінде күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мешітке келуші жамағаттан санитарлық талаптарды сақтау қатаң талап етілуде. «Сары», «жасыл» аймақтағы мешіттерде жамағат намаздары аулада оқылуда. Парыз намазы біткен сәтте жамағаттан мешіт ауласын босатуды сұрап жатырмыз. Ashyq жүйесіне келсек, мұны бірте-бірте жүзеге асырамыз. - Биылғы Құрбан айттың рәсімдерінде, сақтық шараларына байланысты тыйымдарда былтырғыдан қандай өзгешеліктер бар? Былтыр қалалық жерлерде жаппай Құрбан айт шалуға шектеу болған еді. Ауылдарда ондай қатаң шектеу болған жоқ. Биыл сол шектеу күшінде бола ма? Мешіт арқылы құрбандық шалғандарға кезек қалыптаспау үшін мал етінің үштен бірін өзімен әкетуіне де шектеу қойылған еді. Биыл да осы талап сақтала ма? - Құрбандық малын шалу кезінде санитарлық талаптар қатаң сақталады. Осы ретте азаматтардан тазалық мәселесіне мән беруге шақырамыз. Дінімізде тазалықтың маңызы жоғары. Қасапханаға бетперде тағып, арақашықтық сақтап, дене қызуы бар адамдардың жақындауына жол бермеуге тиіспіз. Жасы 65-тен асқан қариялар, әйелдер мен балалардың барынша құрбан малын шалатын орындарға баруын шектеуге шақырамыз. Биыл құрбандық шалу рәсімдері жергілікті қасапханаларда жүзеге асады. Қажет болса, біздің мешіт жамағаты мен ерікті азаматтар әр адамның өзіне тиесілі құрбандық етін үйге әкеп береді. Қасапханада әр адамға 1 сағат уақыт беріледі - Былтыр «Құрбан айтта қуант» деген жобаны қолға алған едіңіздер. Биыл жалғаса ма? Гуманитарлық көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі толық қалыптасты ма? Қазақстан бойынша базаға неше отбасы енгізілді? Мұндай ақпараттар базасы барлық өңірлерде бар ма? Құрбанға шалған малын кімге үлестіруді әлі шешпеген азаматтар ондай мұқтаж отбасылардың тізімін, мекенжай деректерін кімнен, қандай жолмен алады? - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қоры мен өңірлердегі мешіттердің базасында көмекке мұқтаж жандардың арнайы тізімі болады. Бұл тізімдегі азаматтардың саны Құрбан айт кезінде арта түседі. Жұмыс тобы осы тізім бойынша алдын ала өтініш білдірген жандарға құрбандық етін жеткізіп береді. Көмекке мұқтаж адамның аты-жөні мен мекенжайын «Зекет» қорынан немесе мешіт қызметкерлерінен алуға болады. - Діни жоралғылардың мүмкіндігінше өркениетке сай, санитарлық талаптардың аясында өткені маңызды. Оны ҚМДБ өкілдері үнемі айтып жүреді. Дегенмен Құрбан айттан кейін көмусіз қалған қан-жынның, аяққа тапталған малдың терісі мен ішек-қарынның бейнелері әлеуметтік желіге тарап жатады. Бұл құрбан шалу орындарындағы жұмыстың нақты регламенті жоқ деген сөз бе? Әлде жергілікті әкімдіктердің, санитарлық-эпидемиологиялық тазалықты қадағалаушы органдардың немқұрайлылығы деу керек пе? Қалада, ауылда, кентте, аудан орталығында құрбан шалудың жеке-жеке регламенттері бар ма? Бар болса, соны оқырмандарға кесте немесе инфографикалық ақпарат түрінде ұсынсақ. - Өкінішке қарай, кейде ақпарат құралдарының кейбір өкілдері анықталмаған ақпаратты асығыс жариялап жібереді. Соның салдарынан халық арасында түсінбеушілік туындайды. Осыдан 3 жыл бұрын сайттарда көмусіз қалған мал терісі мен бас-сирағының үйіліп тұрған суреті тарап кетті. Кейіннен бұл жағдай көрші елде болғаны анықталды. Сондықтан анықталмаған ақпаратқа абай болайық. Алла Тағала Құранда біреу хабар әкелсе, оны тексеруді бұйырған. Қасапханада құрбан шалушы азаматқа 1 сағат уақыт беріледі. Әр адам өзінің кезегі келгенде ғана құрбан шалады. Құрбан шалу графигі алдын ала жасалып қойды. Тек тәртіпке бағынып, санитарлық талапты қатаң сақтауымыз тиіс. Жұмыс тобы тәртіп пен талапты қадағалайды. Құрбан айт қарсаңында еліміздегі барлық имамға құрбан шалу кезінде ысырапқа жол бермеу, тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындау сынды бірқатар тапсырма бердім. Дін қызметкерлері өзіне тиесілі міндеттерді жоғары деңгейде орындайды деген сенімдемін. - Ислам діні өркен жайған, барлық жоралғыларын халықаралық стандарттарға сәйкестендірген елдер бар. Қазір Еуропа елдерінде де мұсылман қауымның үлесі артып келеді. Осы өркениетті елдердің Құрбан айт мерекесін ұйымдастыру регламенттерін зерттеп көрдіңіздер ме? Солардың ішінде қандай тәжірибелерді бізге енгізуге болады? - Сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Бұл жыл сайын игі дәстүрге айналған. Оның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату. «Әбу Ханифа мәзһабында құрбандық шалудың орнына ақшасын садақа ете салу дұрыс емес» Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизам (Алла оған разы болсын) арқылы құрбандық сатып алуға тапсырыс береді. Біз осы оқиғадан шариғат бойынша уәкілге тапсырыс беру арқылы құрбан шалдыруға болатынын анық аңғарамыз. - Алмасбек Садырбаев деген отандасымыз теледидар арқылы сізге үндеу айтқанын естіген шығарсыз. Құрбан айтта мал шалмай-ақ, садақа жинап, түскен ақшаны қуаңшылықтағы өлкелердегі мал басын сақтап қалуға бағыттайық деген екен. Сізден сол туралы пәтуа шығаруды өтініпті. Жалпы ислам тарихында қуаңшылықпен күрестің мұндай тәсілі бар ма? Сізден пәтуа күтіп отырған үндеу иесіне не деп жауап айтар едіңіз? Жалпы Құрбан айттың мәні неде? - Құрбан айт кезінде орындалатын ең абзал амал – құрбан шалу. Жағдайы бар мұсылман үшін құрбан шалу – міндет. Жағдайы келмейтін мұсылман үшін құрбан шалу міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетті хадистерінің бірінде: «Адам баласы құрбан айт күні құрбан шалудан сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес... Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деген. Ислам дінінде орындалатын кез келген амалдың сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына, яғни ниетке мән беріледі. Ниетті түзетудің мәні осында. Алла тек шынайы ниетпен жасалған құлшылықты қабыл етеді. Сондықтан Құранда мынадай аяттар келтірілген: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят). Құрбан айтты атап өту кезінде орындалатын келесі игі амал – қайырымдылық жасау. Құрбан айт күндері жабырқаған жандарды, қамкөңіл адамдарды, мүгедектер мен жетімдерді, жесір әйелдер мен қараусыз қалған қарттарды қуандырудың сауабы мол. Құрбандық етінің мұқтаж жандарға таратылуының мәні үлкен. Бай мұсылман құрбандық шалғаннан кейін оның етін көмекке зәру адамдарға тарату арқылы бойындағы қатыгездік, тәкаппарлық секілді жағымсыз сипаттардан арыла бастайды. Өйткені, садақа беру – мұсылмандардың арасына мейірімділік сынды сезімді ұялататын сауабы мол іс. Қасиетті Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Айт күні отбасын, туған-туыстарды, көрші-қолаңды, жалпы мұқтаж жанды қуантып, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлаған абзал. Сыйлық беріп, сүйіспеншілікті арттыру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орындаған сүннет амалдарының бірі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сыйлық сыйлаңдар, сонда араларыңда сүйіспеншілік, бір-біріңе деген құрметтерің артады» деген. Тағы да қайталап айтып кетейін, Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде материалдық мүмкіндігі бар, жағдайы жақсы мұсылман адамға құрбандық шалу – міндет. Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой немес 40 ешкі, яки 30 ірі қара, немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 гр. алтын яғни 1 230 000 теңге қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Бұл – Алланың мұсылман баласына жіберген әмірі әрі мейірімі. Бұған қатысты қасиетті Құранда Алла Тағала: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Алланың бұйырған амалын өзгертуге, оны бұрмалауға әсте болмайды. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне зер салсақ, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды сойған. Екі ақ қошқарды жатқызып, оны аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып бауыздаған. Бұл – шариғатымыздың бізге бұйырған амалы. Материалдық мүмкіндігі бар адам белгілі малды Алла жолында, Жаратқанның разылығына бөлену ниетімен құрбандыққа шалу тиіс. Біздің Әбу Ханифа мәзһабында Құрбан айт күндері құрбандық шалудың орнына оның ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық шалу – міндет. Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді.  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар