Бірлік күні облыста қайырымдылық марафоны бастау алды
- авторjambylinfo.kz
- 1 мамыр, 2021
- 229
«Достық» үйінде этномәдени бірлестіктерінің халықтық қолөнер көрмесі өтті. Онда қойылған қолөнер туындыларымен танысып шыққаннан кейін Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарын бірлік күнімен құттықтады.
- Біртұтас халықтың күші – қайырымдылығы мен әрдайым өзінің жақынына қол ұшын беруге әзір тұратындығында. Сондықтан, менің бастамаммен «Қайырымды істер» республикалық акциясы аясында қайырымдылық марафоны бастау алды. Бұл іс-шаралардың қасиетті Рамазан айында және Бірлік күнінде орын алуы оның тағылымдық мәнін арттыра түсері сөзсіз. Барша жамбылдықтарды және кәсіпкерлерді осы акцияға қолдау көрсетіп, қосылуға шақырамын. Шынында да, бұл адамдарға бір-біріне деген сенім мен жанашырлық, қайғы мен қуанышта бірге болу қабілетін жоғалтпады деген сенім береді, - деді облыс әкімі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, түрлі этнос өкілдері, белсенді жастар мен еріктілердің көмегімен мұқтаж адамдарға 1000-нан астам азық-түлік себеттері таратылды
Қайырымдылық акциялары барлық ауданда ұйымдастырылды. Мәселен, Талас ауданында екі отбасы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында салынған жаңа үйде қоныс тойын атап өтті. Шулық кәсіпкер өз қаржысына тұрмысы төмен отбасыға үй сатып алып берді. Демеушілердің көмегімен ас-ауқат жиынтығын тарату ұйымдастырылды.
Жуалы ауданында 70-тен астам тұрғын қайырымдылық көмек алды. Сенбілік ұйымдастырылып 2000 ағаш отырғызылды. Осындай акция Меркі өңірінде де өтті, онда 1000 көшет отырғызылды. Сарысу өңіріндегі Жаңатас қаласының орталық саябағында 500 көшет тігілді. Сондай-ақ, қоғамдық келісім орталығы ашылды.
Қордай ауданында да аз қамтылған және көпбалалы 150 отбасыға азық-түлік жиынтығы таратылып, қайырымды жандардың демеушілігімен аудандық орталық ауруханаға 2 ӨЖЖ аппараты алып берілді.
Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында Отбасы аллеясы ашылды. Тұрғындардың таза ауада демалуына жағдай жасалған. Аллеяның жалпы аумағы 3,5 га құрайды, 7 алаңнан тұрады.
Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Grand bazaar» сауда кешені аумағында жәрмеңке ұйымдастырылды. Халыққа жалпы құны 20,5 миллион теңгені құрайтын 48 тонна тауар ұсынылды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз