сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 11:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Техникалық және авторлық қадағалау өкілдерінің жұмысы көңіл көншітпейді

Техникалық және авторлық қадағалау өкілдерінің жұмысы көңіл көншітпейді
ашық дереккөзі
Техникалық және авторлық қадағалау өкілдерінің жұмысы көңіл көншітпейді
Жамбыл облысында  51 «сақалды» құрылыс анықталып, 33 нысанның иесімен жұмысты қайта бастау кестесі бекітілді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, салынып жатқан нысандардың сапасына ең алдымен дұрыс әзірленбеген жобалық-сметалық құжаттама әсер етеді. Кейбір жобалаушылар құрылыс аумағына барып, мән-жаймен таныспастан, ескірген топографиялық деректерді пайдаланады. Жергілікті геологияны саралауға көңіл бөлмейді. Жуалы және Байзақ аудандарындағы мектептердің құрылысы кезінде жер асты суларының көтерілгені соны көрсетеді. Тапсырыс берушілерде тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі салдарынан құрылыс барысында түрлі олқылықтар болып, оны шұғыл жоюға тура келеді. Ерлан Орынбаевтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама «Сәулет бюросы» шеңберіндегі жұмыс тобымен келісілуі керек. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурстарын уақытылы өткізу мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Мәселен, құрылысы жоспарланған 213 нысанның 12-сі бойынша әлі күнге конкурсы аяқталмаған. Сондай-ақ, басқарма басшысы бас мердігер жұмыстың толық көлемін қосалқы мердігерге беру мәселесіне назар аудартты. Заң бойынша қосалқы мердігерге берілетін көрсеткіш жобаның 1/3 бөлігінен аспауы тиіс. Бұл ретте мұндай дүниелер жарнамалауға жатпайды және ішкі шарттармен ресімделетіндігіне ден қойылуы керек. Сонымен қатар, кейбір кәсіпорындар бірден бірнеше нысанды мойнына алып, жұмыс ауқымын уақытылы иегере алмай жатады. МСҚБ басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, 16 тексеру қорытындысы бойынша құрылыс нормаларының 43 рет бұзылған анықталып, 6,2 миллион теңгеге айыппұл салынып, жеті іс сотқа жолданған. Сондай-ақ, 51 «сақалды» құрылыс анықталып, 33 нысанның иелерімен жұмысты қайта бастау кестесі бекітілген. Жыл басынан бері тиісті талаптарға сәйкес келмегендіктен 48 құрылыс-монтаждау және 15 жобалау жұмыстарын жүргізуге лицензия беруден бас тартылған. «Тұрғындардың құрылыс сапасына, әсіресе тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға қатысты шағымдары көп. Тіпті техникалық және авторлық қадағалау өкілдерінің жұмысы да көңіл көншітпейді.  Нысандарды жобалауға және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бақылауды күшейту маңызды», - деді Бердібек Сапарбаев.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар