Биыл Гвардейск кентінде 3 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі
- авторjambylinfo.kz
- 13 маусым, 2021
- 194
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті жұмыс сапарымен Қордай ауданына барды.
Гвардейск кентіндегі биофармацевтикалық зауытты аралап, ондағы жұмыстармен танысты. Ғылыми-зерттеу кешенінде кезекті штаб отырысы өтіп, маңызды міндеттер талқыланды. Басқосуда зауыт жұмысшылары үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру жайы да назарға алынды. Қазіргі уақытта ғылыми мекемеге іргелес аумақта үш көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Мердігер – «БазисДорСтрой» ЖШС.
Құрылысшылардың айтуынша, алғашқы 60 пәтерлі үй аяқталуға жақын. Алдағы екі айда ол пайдалануға берілмек. «Агроспецстрой» ЖШС салып жатқан қалған екі үйді ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай аймақ басшысы Отардағы Серік Ермеков басқаратын «Сұлу Төре» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. Шаруа қожалық – Қордай ауданының ірі агроқұрылымдарының бірі. Осыдан бес жыл бұрын құрылған қожалық негізінен егістікке маманданған. Бүгінде құрамында 70 адамға дейін еңбек ететін шаруашылықтың өз комбайн және тракторларынан тұратын ауқымды техникалық паркі жасақталған. Мұнда қазір заманауи су үнемдеу технологиялары іске қосылуда. Ағымдағы жылы шаруашылық екі жаңбырлатқыш қондырғы сатып алып, 200 гектар арпа алқабын суаруда.
Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев шаруашылық жұмысы туралы оң бағасын білдіріп, аудан әкімі Рүстем Дәулетке егін шаруашылығына жаңа технологияларды кеңінен енгізуді, жұмыс істеуге ниетті шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырды.
Қордай ауданынан жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Ешкілі-Қордай су қоймасына да арнайы ат басын бұрды. Бір жарым текше миллион тоннаға дейін су жинауға қауқарлы қойманың Кенен ауылының тұрғындарының үй іргесіндегі жерлерін сумен қамтудағы маңызы зор. Өткен жылы жұмыспен қамтудың жол картасы аясында мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары (құбырлар ауыстырылған, бөгет пен жағалаулары қосымша нығайтылған) жүргізіліп, өзекті мәселелер оң шешімін тапқан.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз