сенбі, 28 желтоқсан, 2024 0:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президенттік жастар кадрлық резерві форумы өтті

Президенттік жастар кадрлық резерві форумы өтті
ашық дереккөзі
Президенттік жастар кадрлық резерві форумы өтті
Елордада Президенттік жастар кадрлық резерві форумы өтті. «ЭКСПО» кешенінде болған жиынға былтыр топ жарып іріктелген резервшілер, Президент көмекшісі Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ералы Тоғжанов, Роман Скляр, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қатысты.
Форумның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Президенттің ле­бі­зін Ерлан Қарин жеткізді. «Барша­ңыз­ды Президенттік жастар кадрлық ре­зерві форумы­ның ашылуымен құт­тық­тай­мын! Бұл – жүзден жүй­рік, мың­нан тұлпар шыққан үздік­тердің басқосуы. Мен жас ұр­пақ­тың елдік мүддеге берік, мем­лекетшіл тұлға болып өсуіне баса мән беремін. Білімді де бі­лік­ті, белсенді әрі отаншыл өрен­дерге жол ашу – маңызды мін­дет­тердің бірі. Біз олардың жауапты қызмет атқарып, шың­дала түсуіне толық жағдай жасаймыз. Мен байқау жеңім­паз­да­ры­мен былтыр қаңтар айында кездестім. Алдағы міндеттер туралы ойымды ортаға салып, бағыт-бағдар бердім. Содан бері көп­шілігіңіз түрлі лауазымға таға­йындал­ды­ңыз­дар. Биыл арала­рыңыз­дан Мәжіліске екі депутат сайланды. Сонымен бірге екі азамат Ұлт­тық қо­ғам­дық сенім кеңесіне мүше болды. Өңірлерге барып еңбек етіп жүрген қыз-жігіттерді де білемін. Жас мамандардың елмен етене жұмыс істеуі – құп­­тар­лық қадам. Себебі бұл – на­ғыз өмір мектебі. Мұның бәрі жас өркеннің әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Президенттік жас­тар кадр резервінде болу – талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық. Алайда оны билікке жетудің емес, ха­­лыққа қызмет етудің төте жолы деп білу керек. Шын мә­­нінде ең үлкен мәр­тебе де, абырой да осында. Биыл қас­терлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл то­лады. Сіздер – еркін елде туып-өскен рухы азат, сана­сы ашық азаматсыздар. Қазақ­стан­ды одан әрі өркендеу – өздеріңізге жүктелетін үлкен жа­уап­кершілік. Осы орайда өске­­лең ұрпақ ел үмітін ақтайды деп сенемін. Баршаңызға мықты ден­саулық, бақ-береке тілеймін! Форумның жұмысы табысты болсын!», делінген Президент құт­тықтауында. Одан кейін Ерлан Қарин кадрлық резервтің сапасы мәселе­сі­не тоқталды. «Бүгінгі кездесу – біздің жас әріптестеріміздің ұйымдастырушылық күш-жіге­рі­нің нәтижесі, бұл Прези­дент­тік жастар кадр резервіне шын мәнінде белсенді жастар жи­нал­ғанын тағы да дәлелдейді. Президенттік кадрлық резерв бел­сенді дамып келеді. Кадр ре­зерві­нің ішінде де деңгейлес бай­­ланыстардың дамып жатқаны мені қатты қуантады. Әрдайым резер­втің ішінде талқылаулар, пікір­таластар бар екенін көремін. Біздің жас әріптестер үнемі кез­де­­седі, бастамалар көтереді», деп атап өтті Е.Қарин. Президент көмекшісі соңғы уақытта резервшілер тарапынан түрлі талдамалық материалдар, ұсы­нымдар түсе бастағанын баса айтты. «Бұл резервшілердің ұйым­­дастырушылық әлеуеті де, зият­керлік әлеуеті де зор екенін тағы да көрсетеді. Біздің мінде­тіміз – тек жұмысқа орналас­ты­ру ғана емес, біз үшін ең бас­тысы, өзара сапаландырудың тұ­рақты процесі болуы тиіс», деді Президент көмекшісі. Форумға қатысқан Ин­дус­трия және инфра­құ­ры­лым­дық даму министрі Бейбіт Атам­құ­лов та жастарға өз ле­бі­зін жет­кізді. «Кейбір елдердің заңдары ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы өзгермейді. Осылай қабылданды, бітті. Әрине, уақыт өзгереді, жаңа буын келеді, қандай да бір сын-қатерлер пайда болады. Бірақ тұрақтылық олардың өсуіне және үнемі алға жылжуына көмектеседі. Мұнда валютаның тұрақтылығын, заң­дардың тұрақтылығын, ереже­лер­дің тұрақтылығын және бас­қа­ларын айтамыз. Сондықтан сіздер үшін, көшбасшылар үшін өмірлік қағидалардың бірі – ішкі тұрақтылық, ішкі арқау, ішкі тазалық пен тәртіп ережесі болуы керек. Бұл қағидаларды бұзуға болмайды. Бір нәрсені шешу үшін бір рет бұзсаңыз, ішіңізде дисбаланс орнайды. Бұл дисбалансты тоқтату қиын және адам маятниктей шайқалуы мүмкін. Ал мұндай адам көшбасшы және жетекші бола алмайды. Болған күннің өзінде де жақсы жетекші бола алмайды», деді ол. Министр әрқашан оң нәти­же­ге жетуге мақсат қою қажет­тігіне тоқталды. «Кез келген істі бастағанда әрқашан оның не­мен аяқталатынын ойлау ке­рек. Және нәтиже әрқашан оң болуы тиіс. Сіздерде амби­ция бар. Барлық адамға амби­ция керек. Алға шығып, өз со­ңынан топ ерте алуы үшін дұрыс амбиция қажет деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, жеген тағамнан бастап, жүріс-тұ­рысқа, ақпаратты тұтынуға, адамдармен сөйлесуге ішкі фильтр орнатуға тырысыңыздар. Ай­­на­ланы жақсы адамдармен қор­­шап, өз істеріңіздің шебері бо­­лыңыздар», деді Б.Атамқұлов. Президенттің жастар кадр­лық резерві мүшелері де өз тәжіри­бе­лері туралы айтып берді. Бас қосқан жастар тал­қылау барысында еліміздегі бірқатар мәсе­ле­нің басын ашып, ке­лешекке жоспарларымен бөлісті.
 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар