«ДАМУДЫҢ» КӨМЕГІМЕН ДАМЫҒАН ЖАН
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 26 сәуірдегі «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» қаулысына сәйкес «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры құрылған болатын. «Даму» қорының қолдауына ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп жатқан жеке кәсіпкерлердің қатарында тараздық Жазира Әбілова да бар.
Ол бұған дейін бірнеше жыл ғимарат жалдап, дәріхана жұмысын жүргізіп келген еді. Кәсібін дөңгелете келе «Даму» қорының көмегімен аталған дәріхананы сатып алып, бүгінде үлкен қолдау тауып отыр. Жас кәсіпкерлер мен енді «іс бастасам» деп жүрген жандарға үлгі болар деген мақсатпен, біз Жазира Әбіловадан сұхбат алуды жөн көрдік.
- Жазира ханым, өзіңіздің компанияңыз жайлы, атқаратын қызметтері туралы айтып беріңізші?
Қайырлы күн! Иә, қандай кәсіп болса да, оны бастау қиын. Бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу – менің алға қойған мақсатымның бірі. Сол жолда аянбай еңбек етіп келемін. Көптен бері ойда жүрген мәселе, өзімнің жеке дәріханамды ашу болатын. Адам алдына мақсат қойса, сол мақсатына жетпей қоймайды екен. Маған бұл кәсіпті ашуда «Даму» қорының облыстағы филиалының көп көмегі тиді. Бір жыл бұрын «Центркредит» банкі арқылы 31 млн несие алып, 10 жыл жалға алып отырған дәріханамды толығымен сатып алдым. Кім болса да бас ауырып, балтыр сыздағанда дәріханаға жүгіреді ғой. Осындайда біздің дәріханалардың есігі қашан да ашық. Сондай-ақ, франчайзингтік келісім бойынша INVIVO медициналық зертханасын іске қостым. Одан бөлек: егу кабинетін, массаж жасау қызметін, хиджама мен сүлік салу қызметтерін де жүзеге асырып келемін.
- Медициналық тауарларды сату және медициналық қызметтер көрсетуде біраз жыл тәжірибеңіз бар. Осындай бағытта жұмыс істеу қаншалықты қиын? Және қандай тетіктерге назар аудару керек?
Иә, осы салада жүргеніме 15 жыл болды. Аса қиын деп айта алмаймын. Бастысы дұрыс жоспар құрып, аянбай еңбек ету керек. Жалпы, өзім медицина қызметкері болуды бала күннен армандағанмын. Дәрі-дәрмектерді саудалаудың өзіндік тәртібі де бар. Дәрігердің рецепті бойынша ғана дәрі босатылады. Олардың жарамдылық мерзімін де тексеріп, сатылымдағы заттарды үнемі жаңартып отырамыз. Дәрілердің фармацевтикалық лицензиясы бар және мемлекеттік монополияға қарсы комитетімен бағасы тұрақты бекітілген. Дәріханаға дәрілерді «Эмити», «Рауза», «Витамин» ЖШС компанияларынан алдыртамын. Әркім өзінің ісін жақсы көрсе одан жақсы нәтиже шығары анық. Бастысы – сапа мен тұрақтылық. Тұрғындардың сұранысына, қажеттілігіне қарай жұмыс жасау да маңызды.
- Дәріхананы бірнеше жалдаудан соң, оны сатып алудағы мақсатыңыз қандай болды?
Мен 10 жыл дәріхананы жалдап жұмыс істедім. Бастапқыда 4 жыл жәй қызметкер болып, кейіннен дәріхана басшысы менің іскерлігімді байқап, маған осы кәсіпті жалға алып жалғастыруды ұсынды. Бұл істі бірден алып кеттім деп айта аламын. Осы аумақта тұрғындар саны көп, дегенмен дәріхана аз. Және медициналық қызмет көрсететін орталықтар жоқтың қасы. Міне, мен шағын дәріхана ісін және лабараториялық қызметтерді қолға аларда осындай жайттарды ескердім. Кез келген кәсіп ашамын деген адам, осындай шағын зерттеулер жүргізіп іс бастағаны дұрыс.
- Өз бизнесіңізді ашу және дамыту барысында қандай қолдау алдыңыз? Жұмысты бастауға қандай ұйымдар немесе бағдарламалар көмектесті?
Мен , «Даму» Қорының Жамбыл облысы бойынша филиалында болып, жан-жақты кеңес алдым.Талаптары бойынша, кепілдікке дәріхана ғимараты мен үйімді қойдым. Осылайша, «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан несие алуға өтініш бердім. Несие «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында мақұлданды. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызбен, 5 жыл мерзімге несие берді. Бұл кәсіп бастаймын деген жанға өте тиімді мүмкіндік деп ойлаймын.
- Болашақта кәсібіңізді тағы да қалай дамытқыңыз келеді?
Болашақта тағы жеңілдетілген несие алып, стомотология ашқым келеді. Себебі осы аумақта стомотология мүлдем жоқ. Тұрғындардың бұл қызметке сұранысы жоғары. Оның үстіне жанымызда бос тұрған ғимарат бар. Қазір сол ғимаратты сатып алу жұмыстарымен айналысып жатырмын. Егер сәті түссе, сол жерден тіс емдеу және кемтар,мүгедек балаларды сумен емдеу орталығын ашу жоспарда бар.
- Сіз өзіңіздің тұтынушыларыңызға ұсынатын өнімдер мен қызметтердің сапасын арттыруда қандай жұмыстар істеп жатырсыз, қандай жаңа тенденцияларды пайдаланудасыз?
Қазір көптеген отбасын жаңадан құрған жас жұбайлар, болашақ сәбилерінің жынысын ерте білгісі келеді. Немесе, біраз ерлі-зайыптылар жоспарлы түрде қыз немесе ұл сүйгісі келеді. Міне осы критерийлерді ескеріп, біз қазір жүктіліктің ерте сатысынан, нақтырақ айтсам үшінші аптасында нәрестенің ұл немесе қыз болатынын анықтайтын қан талдауын енгіздік. Тұрғындар тарапынан бұл қызметімізге қызығушылық көп. Сондай-ақ, тағы айта кетерлік жәйт барлық талдау нәтижелері электронды түрде клиентке смс арқылы жіберіледі. Жақында, дәрі-дәрмекті үйге дейін жеткізу қызметін де қоссақ дейміз.
- Командаңыз туралы айтып беріңізші? Мамандарды қалай таңдайсыз?
Қазір менің қарамағымда алты адам жұмыс істейді. Барлығын жұмысқа алар кезде, жұмыс тәжірибесіне қараймын. Одан соң, басты назарға алатын нәрсе - адамдармен қарым-қатынас жасай алуы. Себебі ,біз, тікелей клиенттермен жұмыс істеген соң, олармен дұрыс сөйлесе алмаған адам, ертеңгі күні кәсібімнің беделіне де нұқсан келтіреді емес пе? Сосын қызметкерлеріме біреудің ақысын жемеуді үнемі айтып отырамын.
- Кәсіп жолыңызда қандай қиындықтар болды?
Лицензия алуда аздап қиындықтар болды. Дегенмен, мәселені тез шешіп алдық. Инвиво франшизасын алу тіпті оңай болды. Сондықтан менің кәсібімді дөңгелетуде үлкен тосқауылдар болды деп айта алмаймын.
- Медициналық салада өз ісін ашқысы келетін, қаржыландыру мен жобаларына қолдау іздеп жүрген басқа кәсіпкерлерге қандай кеңес бере аласыз?
Кәсіп бастау үшін нақты жоспарың, әрі кездесетін кедергілерге төтеп берер иммунитетің болуы қажет. Одан бөлек, кәсіп бастағанда белгілі бір дәрежеде біліміңнің болуы шарт. Бастайтын ісіңді алдын ала зерттеп, жан-жақты білгеннен кейін ғана кірісу керек.Кәсіптің қай түрі болмасын базалық білімің болуы шарт. Бастаймын деген кәсібіңді алдын ала зерттеп, толық білгеннен кейін ғана қолға алған дұрыс. Одан бөлек бастаймын деп жоспарлап жүрген кәсібіңде кішкене болсын тәжірибе жинақтап, ішкі атмосферасынан хабардар болу маңызды. Мысалы, мен сияқты дәріхана ашқыңыз келсе, ішкі ассортиментіне аса назар аудару қажет. Сұраныстағы дәрі дәрмектерді үнемі біліп жүру керек.
- Сұхбатыңызға рақмет, Жазира ханым. Ісіңіз алға баса берсін.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз