Елімізде 908 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді
- авторБақытжан Бекболат
- 29 сәуір, 2025
- 215

Қазақстанда көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдары егілген жалпы аумақ 908,5 мың гектарға жетті. Егіс науқаны әсіресе оңтүстік өңірлерде қарқын алған. Мәселен, Жамбыл облысында – 295,5 мың гектар, Түркістан облысында – 263,5 мың гектар, Жетісу облысында – 142,2 мың гектар, Алматы облысында – 123 мың гектар, Қызылорда облысында – 33,4 мың гектар, Батыс Қазақстан облысында – 30,1 мың гектар, Атырау облысында – 2,7 мың гектар, ал Шымкент қаласында – 15,7 мың гектар жерге егін егілді.
Оның ішінде дәнді дақылдар 459,4 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 159,9 мың гектарға, көкөністер 46,9 мың гектарға, картоп 18,2 мың гектарға, бақша дақылдары 35,3 мың гектарға, майлы дақылдар 114 мың гектарға, ал мақта 43,9 мың гектарға егілген.
Маңызды агротехникалық шаралар да жүйелі орындалуда: 10,7 млн гектар жерде ылғал жабылды, 2,5 млн гектарда себуге дейінгі топырақ өңделді, ал 1,1 млн гектарда көктемгі жырту аяқталды.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қажетті ресурстармен қамтылуда. Биыл тыңайтқыш енгізу жоспары 1,9 млн тоннаны құраса, қазіргі таңда 504,9 мың тоннасы жеткізілді. Бұған қоса, 152,3 мың тонна дизель отыны жөнелтілді. Тұқымға деген қажеттілік 2,3 млн тонна болса, соның 1,6 млн тоннасы сапа сараптамасынан өтіп, 99 пайызы стандартқа сай деп танылды.
Егіс науқаны белгіленген жоспарға сәйкес жүріп жатыр және оны сәтті аяқтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.