Елордалықтарға көмір жағуға тыйым салынуы мүмкін
2025 жылдан кейін астаналықтарға көмір жағуға тыйым салынуы мүмкін. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев осындай ұсыныс айтты.
Елорда тұрғындарымен кездесуде экобелсенділер қыста жер үйлерден келетін түтін қаланың ауасын ластайтынын айтып, бұл мәселені шешу керектігін алға тартты.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов проблема елордаға толық газ тартылған кезде шешілетінін жеткізді. Кейін астаналықтарға отын жағуға тыйым салу көзделіп отырғанын айтты. Серікқали Брекешев бұл мәліметті растады.
2025 жылға дейін Астана толық газдандырылса, тек газ пайдалану керек деген ұсынысымыз бар. Көмірге тыйым салып, пайдалануға болмайды деген ұсынысты пысықтап жатырмыз. Әрі қарай көреміз енді. Бірінші газдандыру шаруасын бітіріп алайық, кейін нақты бір шаралар қолданамыз, - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала