Енді қазақстандықтар МӘМС-ке көбірек төлем аудары мүмкін
- авторСадуақас Айсұлу
- 26 наурыз, 2025
- 159

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz qaz365.kz сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, жаңа заң жобасы мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған екі негізгі бастаманы қамтиды:
1. Қызметкерлердің жарналарын есептеу базасының жоғарғы шегін арттыру.
2. Мемлекеттің МӘМС жүйесіне жарна төлеу мөлшерлемесін ұлғайту.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін ең жоғарғы шек қазіргі 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) 50 ЕТЖ-ға дейін арттырылады.
Бұл өзгерістер 508 мың адамға, яғни барлық жалдамалы жұмысшылар мен олардың жұмыс берушілерінің шамамен 9%-ына әсер етпек. Себебі қазіргі жүйеде табысы жоғары азаматтар өз табысына сай жарна төлемейді, яғни пропорционалды төлем әділетсіздігі орын алып отыр, - деді министр.
Министрлік бұл бастама МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді деп отыр.