Енді пойыз кешіксе, билет бағасы толық қайтарылады
- авторСадуақас Айсұлу
- 17 сәуір, 2025
- 188

Көлік министрлігі теміржол тасымалына қатысты бірқатар өзгерістерді бекітті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа ережелер 2025 жылдың 22 сәуірінен бастап күшіне енеді.
Министрліктің хабарлауынша, енді пойыз 1 сағаттан артық кешіксе немесе билеттегі орын бос болмаса, жолаушыға жол ақысы комиссиясыз толық қайтарылады.
Сондай-ақ, теміржол билеттерін сату тәртібі де өзгерді. Бұдан былай билеттер пойыз жолға шыққанға дейін 10 минут қалғанда ғана сатылады. Бұрын бұл мерзім 1 тәулікті құрайтын.
Балалармен сапарлайтын ата-аналарға арналған жаңалықтар да бар:
7 жасқа дейінгі балаларға енді билет алу міндетті емес. Егер бөлек орын қажет болса, оны жеңілдікпен рәсімдеуге болады.
7–15 жас аралығындағы балаларға 50% жеңілдік қарастырылған.
Ал 15 жасқа толмаған балалар пойызға сенімхатсыз отырғызылмайды. Егер заңды өкілі бірге жүрсе, сенімхат талап етілмейді.
Көлік министрлігі бұл өзгерістер жолаушылардың құқығын қорғауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.