дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 19:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Этно-реалити телевизиялық шоу өз мәресіне жетті

Этно-реалити телевизиялық шоу өз мәресіне жетті
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл ауданындағы Жасөркен-2 ауылындағы «Жасөркен» атпен серуендеу демалыс аймағында «JasSAQ» этно-реалити телевизиялық шоуының түсірілімі өтті деп хабарлайды «Jambylinfo.kz».

Облыстың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған жоба барысында «Көне Тараз» этномәдени кешені, «Айша бибі», «Бабаджа хатун» «Қараһан» кесенелері мен «Даңқ» залы, «Тектұрмас» этнотарихи кешеніне экскурсия  жасалды. Экскурсия аясында қатысушылармен басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар арнайы кездесті.

– Жоба облысымызда осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты мақсат – көшпенді халқымыздың қалыптастырған тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін қайта жаңғырту. Аты айтып тұрғандай, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жастары – кешегі сақтардың сарқыны. Сондықтан ҚасСақтың жалғасын бүгін ЖасСақтар жалғастырсын деген ниеттеміз. Мұнда сіздер киіз үйлерде тұрып, самаурынға шай қойып, сиыр сауып, бір сөзбен айтқанда, кешегі ата-бабаларымыз жүрген жолмен жүріп көресіздер. Алда талай жарыстар өтеді. Бастысы береке-бірлігіміз артып, бір-бірімізге деген көңіліміз ала болмасын. Жарыс үшін емес, ұлттық салтымызды жаңғырту үшін келгенімізді ұмытпайық. Ендеше сіздерге сәттілік тілеймін! – деді Жомарт Дүйсенұлы.

Сайыстың алғашқы күні «Сақ», «Алаш», «Сұңқар», «Қызыл жебе», «Номад», «Тұран» атауымен 6 топқа бөлінген өрендер 8 ұлттық спорттық жарыстардан сынға түсті. Алдымен жігіттер асық атудан өз шеберліктерін байқап, күш салыстырды. Ер азаматтар садақ ату, қазақша күрес, ләңгі тебу, қол күрес ұлттық ойындары бойынша бәсекелесті. Үшінші күні қыздар «Сиыр сауу мен көмбешке нан жабудан» жарыс өтті. Жарыс соңында қостанайлық Жасұлан Бекболат қазақ күресі сайысының үздік қатысушысы атанса, ақтөбелік Жанболат Себешов қол күресі сайысынан бірінші орын биігінен көрінді. Түркістандық Айбек Тәшкенбай дәстүрлі садақ атудан алдына жан салмаса, алматылық Дана Рүстембекова көмбе нан пісіріп, көзге түсті. Жамбылдық жастар қой көтеруден Дәурен Доғдырбай, ләңгі тебуден Айдос Аппасов, сиыр сауудан Аяулым Мұхаметқалиға бірінші орын бұйырды. Ал «Сақ» командасы I орынға ие болды. Жеңімпаз топ 750 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ «Сақ» командасында өнер көрсеткен түркістандық қатысушылар «JasSAQ» туын салтанатты жағдайда қабылдап алды. Осылайша келер жылы аталмыш жоба Түркістан облысында өтетін болды. II орын «Алаш» командасына, III орын «Сұңқар» тобына бұйырды. Барлық қатысушылар сыйлықтарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар