Халықпен кері байланыс: Жамбыл облысында құқықтық қолжетімділік апталығы басталды
- авторАрайлы Жақсылық
- 24 маусым, 2025
- 253

Бұл бастама Мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған.
Апталық аясында құқық қорғау, жергілікті атқарушы және мемлекеттік уәкілетті органдардың қызметкерлері тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, олардың өтініштері мен мәселелерін тыңдап, нақты көмек көрсетуде.
Шараның басты артықшылығы – шалғай ауылдарға мобильді автобустармен жылжымалы қабылдаулар ұйымдастырылып, құқықтық қызметтер тұрғындарға тікелей жеткізілуде. Осылайша халықты барынша кең қамтуға және көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берілуде.
Мобильді топтар азаматтарға заң талаптарын түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік жолдарын көрсетіп, проблемалық мәселелерді анықтау бағытында жұмыс істеп жатыр.
Акция қарсаңында азаматтардың өтініштері алдын ала зерделеніп, топтардың іс-қимылдары нақты үйлестірілді.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы прокуратурасы «Ашық есік күнін» ұйымдастырып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізді. Бұл күні азаматтар келесі цифрлық платформалардың мүмкіндіктерімен танысты:
«Құқықбұзушылық картасы» — аудан бойынша қылмыс деңгейін бақылау;
«Қоғамдық сектор» — тергеу материалдарымен танысу және өтініштер жолдау;
«Бірыңғай әкімшілік құқықбұзушылықтар реестрі» — айыппұлдарды тексеру және дауласу;
WhatsApp-бот — бірнеше әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға ескерту жолдау.
Прокуратура «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында да жүйелі жұмыстар атқаруда. Шалғай аймақтарда 120-дан астам көшпелі кездесу өткізіліп, 10 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Қоғамдық қабылдаулар барысында 2,5 мың азаматқа құқықтық кеңес беріліп, 350 адамның мәселесі шешілді.
Жоба нәтижесінде прокурорлар әлеуметтік маңызды мәселелерді анықтап, 12,2 мың азаматтың құқықтарын қорғады. Мәселен:
300-ден астам адамның тұрғын үй алу құқығы қалпына келтірілді;
2,5 мың жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды;
Ерекше қажеттіліктері бар 2 мың адамға арналған инватакси кестесі қайта қаралды.
Облыс прокурорының өзі Жамбыл, Байзақ, Талас, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында жеке қабылдаулар өткізіп, халықпен бетпе-бет жүздесті. Бұл кездесулер барысында бірқатар түйткілді мәселелер өз шешімін тапты. Мысалы:
Жамбыл ауданында 170 мүмкіндігі шектеулі балаға арналған жаңа ғимарат берілді;
Т.Рысқұлов ауданында 41 үлескердің көп жылдан бергі мәселесі шешілді;
Қордай ауданында 102 кәсіпкер кепіл құжаттарын қайтару мәселесін шешті;
Тараз қаласындағы 15 шағын ауданда орналасқан 58 үй жылумен қамтамасыз етілді.
Мұндай ауқымды шаралар тұрғындармен тікелей және сенімді диалог орнатуға жол ашып, құқықтық көмектің шынайы қолжетімділігін қамтамасыз етуде.
Ұқсас жаңалықтар
Мысырда алаяқтыққа қатысы бар қазақстандық азамат қолға түсті
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 шілде, 2025
ТЖМ Алматы облысында жоғалып кеткен тікұшақты іздестіруде
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 шілде, 2025