дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 15:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды - Тоқаев

Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды - Тоқаев
Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты

Мемлекет басшысы форумда күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналғанын, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш екенінін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Президент Астанада алғаш рет ұйымдастырылған форумның маңыздылығына тоқталды.

«Баршаңызды Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтаймын! Алқалы жиын Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өтіп жатыр. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сондай-ақ бұл форум елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Сол науқанның түрлі салдары болғанын білесіздер. Соған қарамастан ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды, елді мекендер салынды. Мен бүгін алғашқы тыңгерлердің және олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді, -деді Президент. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде саладағы  жетістіктерді де тілге тиек етті. 

Жаңа ғана арнайы көрмені араладық. Отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары, көбі экспортқа шығарылып жатыр. Бұл – зор жетістік. Қазақстан Егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!, -деді ол. 

Президент саладағы толайым табыс ең алдымен, ауыл халқының ерен еңбегінің жемісін атап өтті.

Мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілді, қажетті көмек берілді. Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді (биылғы қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызды құрады), сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды. Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек.Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже», -деді Президент. 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар