Үкімет басшысы паралимпиадашыларға Мемлекеттік туды табыс етті
- авторjambylinfo.kz
- 21 тамыз, 2024
- 451
Премьер-Министр Олжас Бектенов XVII жазғы Паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Үкімет басшысы салтанатты шарада спортшыларға сәттілік тілеп, төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің маңыздылығына тоқталды.
"Паралимпиада – бұл жай ғана спорт емес, бұл адам бойындағы қайсар рух пен шексіз ерік-жігердің шынайы көрінісі. Сіздердің жеңіске деген құштарлық, бейбіт күннің батырларына тән қаһармандық қасиеттеріңіз қандай құрметке де лайық. Миллиондаған адам жанқиярлық еңбек пен өр мінезден шабыттанып, өмірдегі қиындықтарды еңсеруді үйренеді. Бүгін өздеріңізге табыс етіп отырған көк туымыз – айбынды рухымыз бен мызғымас бірлігіміздің, жарқын жеңістің нышаны. Мемлекет басшысы әлемнің ең басты спорт сайыстарында ел намысын қорғау мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік екенін айтты. Сіздер халықаралық аренада Қазақстанды лайықты дәрежеде танытып, елімізге жоғары нәтиже, жаңа жүлдемен оралатындарыңызға сенімдіміз", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекеттік туды ұлттық паралимпиада құрамасының мүшелері – Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов (отырып ойнайтын волейбол) пен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева (пара оқ ату) ұстап жүреді.
"Бүгінгі күн мен үшін ерекше маңызды. Қазақстанның көк туын осындай жоғары деңгейлі жарыстарда көтеру – үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Паралимпиада ойындарына қатысу – әрбір спортшының арманы. Біз, параспортшылар, өзіміздің ерік-жігеріміз бен күш-қуатымызды паш етіп, Қазақстанның намысын биікте ұстауға барымызды саламыз. Біздің жүрегімізде елге деген махаббат, патриоттық сезім, жеңіске деген ұмтылыс бар", — деді Берік Ізмағанбетов.
2024 жылғы жазғы Паралимпиада ойындарына 44 қазақстандық спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен, атап айтқанда, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара тхэквондо, отырып ойнайтын волейбол, пара оқ ату, пара үстел теннисі және пара дзюдодан 33 лицензия алды.
Парижде өтетін параолимпиялық ойындар
28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.
Еске салайық, Қазақстандықтар 1996 жылдан бүгінге дейін жазғы Паралимпиада ойындарында 7 медаль жеңіп алды. Соның бірі - жүзу спортынан жамбылдық Зульфия Габдуллина.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз