жексенбі, 24 қараша, 2024 8:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Әкімін өзі таңдаған ауыл

Әкімін өзі таңдаған ауыл
ашық дереккөзі
Әкімін өзі таңдаған ауыл
Қазір ауыл әкімдерін тікелей сайлау мәселесі қоғамда қызу талқылану үстінде. Бұған дейін ауыл әкімдерін тұрғындардың өздері сайламағаны белгілі. Дегенмен Павлодар облысындағы Кеңтүбек ауылының тұрғындары өздері таңдаған әкімнің сайлануына қол жеткізген еді.
  Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болды. Кеңтүбек ауылының тұрғындары әкім етіп өздері ұсынған адамды сайлағылары келетінін, ал аудан әкімі тарапынан ұсынылған кандидатураға көңілдері толмайтынын жеткізіп, бізге хат жазған еді. Мәселенің мәнісіне келсек, 2019 жылдың тамыз айынан бастап желтоқсан айына дейін Кеңтүбек ауылында әкім болмаған. Сондықтан, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы қызметінен шығып қалған әкімнің орнына кезектен тыс сайлау өткізуді ұйғарады. Сайлау күні қарашаның 13-іне белгіленген. Бірақ сайлау уақыты кейінге қалдырылған. Себебі аудандық әкімдік ұсынған әкімнің кандидатурасын ауылдықтар қолдамай, өздері сұрап отырған, ауылдан шыққан адамды сайлауға қатыстыруды сұраған. Сөйтіп сайлау қарашаның 27-і күні өтті, аудандық мәслихаттың 11 депутатының 9-ы қатысып, 6-ы дауыс берді, 3-і қалыс қалды. Аудан әкімінің өкімі 7 желтоқсанда шықты. Ауыл әкімі болып, тұрғындар бірауыздан қолдаған Серік Бақауов сайланды. – Ауылға әкім болу туралы аудан әкімдігі тарапынан маған ұсыныс болған жоқ. Ауыл тұрғандары, ақсақалдар бар – бәрі маған сенім артып, өз ауылың, өскен жерің – ауылға әкім бол деп өтініш білдірді, – деді Серік Бекенұлы. Бұл орайда айта кететін жайт – Серік Бақауовтың облыстың бұрынғы әкімімен тегі ұқсас болғанымен, туыстық ешқандай қатысы жоқ. Ол 1969 жылы 27 мамырда бұрынғы Жалтыр, қазіргі Кеңтүбек ауылында дүниеге келген. 1986 жылы еңбек жолын шопандықтан бастаған. Әскер қатарында борышын өтеген соң, 1995 жылы Семей зооветеринарлық институтын бітірген. Институттан соң өзі өскен Май ауданына оралып, аудандық ветеринарлық стансада, аудандық ветеринарлық комитеттің бөлім меңгерушісі, аумақтық инспекцияның бас маманы, мал дәрігері инспекторы қызметтерін атқарған. 2008-2010 жылдары аудандағы Малайсары ауылының әкімі, 2010-2014 жылдары аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, «Акжар – Өндіріс» агрофирмасының директоры, аудандық мәслихат аппараты бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Жуырда біз Кеңтүбек ауылына барып қайттық. – Серік Бекенұлының қызметіне көңіліміз толады. Ауылға қарасты екі бөлімшені де аралап тұрады. Әр мәселені бірлесіп қарастырып келеміз. Өзіміз бірауыздан ұсынып, сайлап алған әкімге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Бізге ауылдың сақталғаны, жөнделіп, дұрысталғаны керек, – дейді ауыл ақсақалы Сәбет Майқыбаев. Кәсіпкер Ермек Сыздықбаев, Темірұзақ Сабырұлы да өздері сайлаған әкіммен бірлесе жұмыс істейтіндерін айтып, оған сенім білдірді. – Ауыл әкімін сайлау демократиялық өзгеріске жол ашады. Әрине, тұрғындар өздері жақсы білетін адамды сайлайды ғой. Біз солай жасадық. Керек сәтінде қолдап, кез келген уақытта арыз-шағымдарын да айта алады. Өйткені, Серік Бекенұлы біздің ауылдың ерекшелігі мен бүкіл ахуалынан хабардар, тұрғындардың жағдайын жақсы біледі, ал тұрғындардан түсетін арыздардың басым бөлігі әлеуметтік салаға, көмекке қатысты, –дейді Ермек Сыздықбаев. – Ауылға медпункт қажет, аудан орталығы Көктөбе мен ауыл арасындағы үш шақырымдай жерде тұрғындар ауруханаға жаяулап барады. Осыны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жеткізсеңіз екен, бұл мәселені шешу осы басшының құзырында екен, – деді Темірұзақ Сапарұлы. Жалпы, Кеңтүбек ауылында екі шағын бөлімшені қосқанда, барлығы бір мыңға жуық адам тұрады. Былтыр 24 отбасы оңтүстік өңірлерден көшіп келсе, биыл Қытайдан 4 отбасы қоныс аударып келмекші. Ауыл мектебінде 147 оқушы білім алып жүр. – Қазір елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жөнінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу аса қажет. Осы арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік бар. Мектеп ішінен қызығушылық білдірген тұрғындардың компьютерлік сауатын ашып, әрқайсысына «Электронды үкімет» бағдарламасы бойынша кабинет дайындату қажет. Ауылшаруашылық жерлерін мақсатсыз пайдаланатын және мүлде пайдаланбайтын жер телімдерін мемлекет қорына қайтару, ауылды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу, ауызсумен қамтамасыз ету, малды бірдейлендіру және ветеринарлық қауіпсіздік іс-шараларын өткізу, күл-қоқыс полигонын ретке келтіру секілді алдымызда көптеген жұмыс күтіп тұр, – дейді Серік Бекенұлы. Кеңтүбекте биыл 300 түп ағаш егіліпті. Қазір күнделікті суару, тазалау, ағарту жұмыстарын ауыл белсенділері бірлесе атқару үстінде. – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастамасы өте дұрыс шешім. Бұл тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізетіні сөзсіз, – деді Серік Бекенұлы. Ауыл әкімін тұрғындардың өздері тікелей дауыс беру арқылы сайлаудың дұрыстығына Кеңтүбек ауылының мысалы арқылы көз жеткізгендей болдық.   Павлодар облысы, Май ауданы
 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар