сенбі, 23 қараша, 2024 5:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлы ақын мұрасы ұлықталды

Ұлы ақын мұрасы ұлықталды
ашық дереккөз
Халықаралық жастар күніне және Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толуына орай «JastarFEST» фестивалі аясында «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды.

«Жасөркен» демалыс орталығында өткен іс-шараға жиналған жастар ақынның қара сөздері мен шығармаларынан үзінді оқып, өлеңдерін жатқа айтты. Музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен Абай әндері шырқалды. Әдеби-сазды кеш облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығы оркестрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылды. Бұдан соң бір топ жастардың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» туындыларынан әзірленген керемет композициялары кеш қонақтарының назарларына ұсынылды.Бұл мерекелік іс-шара бұрынғылардан өзгерек болды. Себебі, мұнда өнер көрсетушілер ортада тұтанған алауды айнала отырып, еркін форматта ән шырқап, өлең оқиды. Жамбылдық жастар жылы қабылдаған мұндай форматтағы кештер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. 

– Кемеңгердің әр шығармасында ұлттық мәселелер қозғалған. Еңбек пен білімге, ынтымаққа шақырған өлеңдері мен қара сөздері әрбір қазақ баласының жүрегінен орын тапқан, санасында жатталған. Қанша уақыт өтсе де Абай Құнанбайұлының шығармалары маңыздылығын жоймайды. Себебі онда қазақтың басынан өткерген тағдыры мен өмірі бар. Ақын өз шығармашылық мұрасында, өлеңдері мен қара сөздерінде жастар мәселесіне де назар аударғаны мәлім. Жастардың білімге ұмтылуы, еңбек етуі, рухани тұрғыдан кемелденуіне байланысты ой-тұжырымдары аз емес. «Жастықтың оты жалындап», «Балы тамған жас қамыс ормасаңшы көктейін», «Жас уақытта көңіл гүл», «Жастықтың оты қайдасың?», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген сынды өлеңдері өмірдің жастық кезеңдеріне деген ойшылдың көзқарасын, пайымын жеткізеді.

Халқына рухани қорған болған Абай мұраларын өз деңгейінде дәріптеу – ұрпақ парызы. Осы оймен өнер сүйген облыс жастарын бір ортаға жиып, бүгінгі кешті ұйымдастырдық. Жалпы алдағы уақытта жастардың іс-шараларының барлығын осындай ерекше форматпен өткізу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев.Әуезді кеште облыстың жас ақындары жырдан шашу шашты. Айтыскер ақын Медеу Мырзатай мен Аят Бәтей, Жанерке Қамбарұлы ақынға арнаған өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Марал Хантөреқызы және Ғайникен Маралтайқызы өлеңдерін оқып, жас әнші Сейітжан Сұлтан Абай әндерін нақышына келтіре орындады.Дәл осы күні облыстың барлық аудандарында ақын мұраларын насихаттау мақсатында челлендж өткізіліп, бейнеқұттықтаулар ұйымдастырылды. 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар