дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 22:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Желмен жарысқан желаяқтар сынға түсті

Желмен жарысқан желаяқтар сынға түсті
ашық дереккөз
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Тараз қаласында жексенбі күні 3 түрлі қашықтыққа жүгіруден «QAZAQ MARATHON ZHAMBYL – 2024» атты ауқымды марафон өтті. Халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды мақсат тұтқан сайысқа еліміздің өзге аймақтарынан және көршілес Қырғыз, Ресей мен Украина елдерінен желаяқтар қатысты.

Желаяқтар таңсәріден облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағына жиналды. Марафон ережесімен жарыс Тәуке хан көшесінен бастау алды. Мұнан соң марафоншылар Төле би және Жамбыл даңғылдарының бойымен, Әйтеке би, Шостакович, Т.Рысқұлов, Б.Майлин мен Айша бибі көшелерімен жүгіріп өтіп, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінің алдындағы мәре сызығын кесіп өтті. Ал спорттық іс-шараға қатысушылардың алды небәрі 18 минутта-ақ мәреге жетіп үлгерді.Жалпы іс-шараға жалынды жасөспірімдермен қатар, 60 жасқа аяқ басқан алдыңғы буын өкілдері де белсене қатысты.

Мәселен, 10-15 жастағы жас жеткіншектер 2 шақырым қашықтықта өзара кім мықтыны анықтады.Олар мәре сызығынан «Баласағұн» орталық концерт залының ғимаратына дейін және кері қарай жүгірді. 700-ден аса адам бақ сынасқан желаяқтар жарысында межеленген минутта мәреге құйғытып жеткен жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріліп, арнайы диплом табысталды. Сондай-ақ марафонға қатысушылардың барлығына Жамбыл Жабаевтың суреті бейнеленген медаль табыс етілді. Жүгіруден әйелдер арасында абсолютті жеңімпаз атанған Ақбілек Тұрарбай спортты жастайынан жанына серік еткенін атап өтті. Шымкенттік сұлу жүздеген марафоншы арасынан дара шығып, чемпион атануы осы күнге дейін төккен тердің нәтижесі дейді. 

– Бірнеше жылдан бері ел аумағында ұйымдастырылған марафондарға қатысып, бағымды сынап келемін. Осылайша жеңіл атлетикаға жаны құмар жастармен бірге жаттыға бастадым. Бүгінге дейін ауыз толтырып айтарлықтай біршама жетістікке жетіп те үлгердім. Өз кезегінде мұның бәрі – тынымсыз жаттығудың нәтижесі, – деді алдына жан салмаған Ақбілек. 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар