сәрсенбі, 9 шілде, 2025 11:33

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

МӘМС жүйесінде студенттерді сақтандыру тәртібі қандай

МӘМС жүйесінде студенттерді сақтандыру тәртібі қандай
Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде азаматтың «сақтандырылған» мәртебесі – тегін медициналық көмектің кең көлеміне қол жеткізудің негізгі шарты.

 Осыған байланысты Қазақстанда және шетелде күндізгі бөлімде білім алып жатқан студенттерге сақтандырылған мәртебе беру тәртібі нақты белгіленген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Кімдер жеңілдік санатына кіреді?

Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер жеңілдік санатындағы азаматтар қатарына жатады. Бұл санатқа, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында оқитын Қазақстан азаматтары да кіреді.

МӘМС жарнасын кім төлейді?

Жеңілдік санатындағы студенттер үшін жарналарды мемлекет төлейді. Егер студент ресми түрде жұмыс істесе, оның табысынан МӘМС жарналары ұсталмайды, сондай-ақ өзі де қосымша жарна төлеуге міндетті емес.

Сақтандырылған мәртебе қалай беріледі?

Қазақстанда оқитын студенттерге сақтандырылған мәртебе автоматты түрде тағайындалады. Бұл үшін мәліметтер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық білім беру деректер базасынан (ҰБДБ) немесе Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білімнің бірыңғай платформасынан (ЖББП) алынады. Аталған деректер студенттің оқу орны арқылы уақтылы және нақты енгізілуі тиіс. ЖОО қызметкерлері студенттің оқу мерзімі, оқу нысаны және жеке деректерін дұрыс көрсетіп, жүйеде жаңартып отыруы қажет.

Шетелде оқитын студенттер мәртебе алу үшін электрондық үкімет порталы – egov.kz арқылы «Шетелде білім алып жатқан студенттерді тіркеу» мемлекеттік қызметін пайдаланады. Өтінішпен бірге нотариалды куәландырылған, қазақ немесе орыс тіліне аударылған оқу орнынан анықтама қоса жіберілуі керек. Құжаттар дұрыс тапсырылған жағдайда, сақтандырылған мәртебе 10 жұмыс күні ішінде беріледі.

Мәртебе берілмесе не істеу керек?

Қазақстанда оқитын студенттің мәртебесі автоматты түрде берілмеген жағдайда, ол өзі оқитын оқу орнына жүгініп, ақпараттық жүйедегі деректердің дұрыстығын тексеруі қажет. ЖСН дұрыс енгізілмеген немесе оқу мерзімі қате көрсетілген болуы мүмкін.

Шетелде оқитын студенттерге қатысты қиындықтар туындаған жағдайда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласу ұсынылады. Сонымен қатар, әр семестрден кейін egov.kz порталы арқылы оқуын қайта растауы қажет.

Оқу аяқталғаннан кейін не болады?

Студент оқу орнын бітірген немесе оқудан шығарылған жағдайда, ол жеңілдік санатынан автоматты түрде шығарылады. Егер бұл азамат сақтандырылған мәртебесін жалғастырғысы келсе, ресми түрде жұмысқа орналасуы керек (жарналарды жұмыс беруші төлейді) немесе жарналарды дербес төлеуші ретінде өзі аударуы қажет. 2025 жылға белгіленген ай сайынғы жарна көлемі – 4 250 теңге.

 

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар