Жаңалықтар
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА ЖАҢАТАСТАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ
- авторjambylinfo.kz
- 14 сәуір, 2023
- 286
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА ЖАҢАТАСТАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ
ҚР Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Жаңатаста болған жағдайға байланысты өңірге іс сапармен келді. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парақшасында жариялады. Жазбасында былай делінген:
" Жаңатастағы жұмысшылардың мәселесі бойынша Жамбыл жеріне келдім. Облыс әкімдігінде арнайы құрылған жұмыс тобымен екі сағаттан аса уақыт жиналыс өткіздік. Әкімнің бірінші орынбасары, «Қазфосфат» серіктестігінің бас директоры мен орынбасарының қатысуымен өткен басқосуда компания қызметкерлерінің талаптары жайлы қозғадық. Жұмысшылар 7 талап қойып отыр. Жалақы мәселесінен бастап, әлеуметтік және материалдық мәселелерінің орындалуын сұрайды.
І. Бірінші талаптары бойынша басшылық құрамын қызметтен кетуін айтты. Жұмысшылар «Қаратау» кен байыту комбинатының директоры мен тағы 4 адамды жұмыстан шығаруды талап етіп отыр. Ал компания өкілдері лауазымды қызметкерлерге қатысты тұлғаларды жұмыстан шеттету мәселесі қаралып жатқанын жеткізді.
ІІ. Компанияға қатысты субмердігерлердің жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуын қалайды. Бұл мәселе бойынша басшылары бұрын жергілікті халықтың үлесі келісімшартта 30% болғанын, ал алдағы уақытта 50%-ға арттыратын айтты.
ІІІ. Жұмысшылардың жалақысын көтеру. Жыл басында жалақыларына 50 мың теңге қосылғанын, енді шілде айында тағы 30 мың теңге қосылатынын айтты. Химиялық кәсіпорын басшылығы еңбеккерлердің жалақасын 100% көтерілгенін хабарлады. Бүгінде компания қызметкерлерінің орташа жалақысын 180 мыңнан 360 мың теңгеге көтерген. Олардың тұрғын үй, тегін тамақ пен арнайы жұмыс киімдерімен де қамтамасыз етіліп жатқанын жеткізді.
IV. Экологиялық және адам денсаулығына зиянды заттарға қатысты қосымша төлем. Компания бұл бағыттағы қаржылық мәселелерді шешуге және экологиялық төлемге қатысты мүмкіндіктерді қарастыруға уақыт сұрап отыр.
V. Арнайы жұмыс киімдерін берудің мерзімін қысқартсын дейді. Мәселен бұған дейін жеңіл жұмыс киімі жылына бір рет берілсе, енді 6 ай сайын берілуін, ал арнайы қысқы киімдерді 3 жыл сайын емес, 2 жыл сайын беруді сұрады. Компания жұмыс киіміне қатысты талапқа келісіп отыр.
VI. Қызметтік көлік бұзылған жағдайда оның жүргізушілерінің жалақысын толық беру.
VII. Талаптарын айтқан жұмысшыларға қызметтік қудалау жасамау. Кәсіпорын басшылары өз тарапынан мұндай қадамға бармайтындарын айтты."
Сондай халық қалаулысы, жоғарыда аталаған жұмысшылардың талаптары алдағы он күн ішінде жүзеге асырылатынын айтты:
"Құрметті жаңатастықтар және химиялық кәсіпорын ұжымы!
Сіздердің қойған талаптарыңыз бойынша Жамбыл облысына келдім. Жаңатасқа жолым түспеген себебі: наразылық білдіріп, жиналған жұмысшылардың еңбек дауына байланысты сұраулары реттеліп, олар өз қызметтеріне қайта кіріскен. Олардың жұмыс уақыттарына кедергі келтіру, қайта жинау негізсіз болар еді. Дегенмен де барлық жоғарыдағы көрсетілген талаптарыңызға қатысты мәселелерді толыққанды қарадық.
Әр талапқа сай жүргізілетін жұмыстардың орындалуына байланысты жауап алдым. Серіктестік басшылығы айтылған уәждер бойынша тиісті жұмыстар алдағы 10 күн ішінде іске асырылуына уәде берді. Жоғарыда айтылған талаптарды орындау бойынша аудандық мәслихат депутаттары мен әр цехтан 5 адам комиссия мүшесіне тартылды. Барлық мәселелер менің назарымда болады."- деп жазды Гүлдара Нұрымова.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала