Серіктестік тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс тұсында құрылыпты. Алғашқы жылдары көптеген қиындықтармен бетпе-бет келген шаруашылықтың бүгінгі аяқ алысы жаман емес. Жүйелі жұмысты мықтап жолға қоюдың арқасында бірнеше бағытты қатар алу мүмкіндігі туды. Сол саланың бірі – асыл тұқымды мал басын көбейту. Бүгінгі күні серіктестікте 600-ден аса «Швиц», «Алатау» тұқымды етті-сүт бағытындағы мүйізді ірі қара бағылуда. Серіктестік директорының айтуынша, жаңа сауылған сүтті арнайы тоңазытқыш орнатылған жүк көлігімен Алматы қаласындағы «Райымбек Агро» сүт өнімдерін шығаратын зауытқа жіберіп отырады екен.
– Қыс айларында мал қоңын түсірмей жемдейміз. Малды төлден көбейтіп отырмыз. Негізгі шаруашылықты сүт бағытына бағыттап қойдық. Өздеріңізге белгілі, көктем шыға жұмыс қызып сала береді. Жыл он екі ай күтімде болған мал жақсы төл, мол сүт береді, – дейді серіктестік басшысы.
Мал шаруашылығымен қатар серіктестік диқаншылықты да кәсіп еткен. Қазіргі күні серіктестік мал азығын дайындау жұмыстарына кірісіп кеткен. Биыл 2000 гектар алқапқа орналастырылған арпа-бидай мен жоңышқалығын жинау үстінде. Алқап басында ондаған техника ораққа араласуда. Серіктестік бірқатар техникасын «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы тиімді шарттармен жаңартып, Үкіметтен бөлінген арзандатылған дизель отынын мақсатты пайдалануда.
Президент Жолдауында міндеттелген ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту міндеттерін толықтай орындап отырған «Қақпатас-Қордай» ЖШС-нің жұмысы жыл санап жандана түскен.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз