Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады
- авторjambylinfo.kz
- 13 тамыз, 2024
- 461
Аймақ басшысы Президентке өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ербол Қарашөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс экономикасы қарқынды өсіп келетінін айтты.
«Құрылыс саласында 12,3 пайыз, байланыста 8,5 пайыз, көлік бағытында 7,4 пайыз, аграрлық секторда 4 пайыз өсім бар. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2,3 пайызға (311 мың шаршы метр) артты. Негізгі капиталға 196,3 миллиард теңге тартылды. Өңірдің 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба бар. Бұл 6,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді»,-деді әкім.
Ербол Қарашөкеев жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отырғанын, облыс экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 64,5 пайызға жеткенін тілге тиек етіп, бұл ретте шетелдік ірі компаниялармен келісім аясында жүзеге асып жатқан фосфор өнеркәсібінің рөліне айрықша тоқталған. Сондай-ақ, аймақ басшысы бүгінде жамбылдық шаруалар егін жинау науқанына кірісіп кеткенін айтып, болжам бойынша биыл негізгі дақылдардың жалпы түсімі 2,1 миллион тоннаға жететінін атап өткен.
Ербол Қарашөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде баяндаған.
«Облыста 26 денсаулық сақтау, 41 білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 452 медициналық жабдық пен 38 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарлануда. Жыл соңына дейін 19 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 2 апатты, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, сондай-ақ оқушы орны жетіспейтін 10 мектептің мәселесі шешіледі»,-деді Ербол Шырақбайұлы.
Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың соңына дейін 37 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетінін, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен гүлзарлар, арналар мен арықтар тазартылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылғанын айтқан.
Президент облыс әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жобаның игілігін ел көріп келеді
Ұқсас жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024