дүйсенбі, 25 қараша, 2024 15:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Н.Нұржігітов: Мемлекеттің көмегі ауылдағы әрбір отбасыға жетуі тиіс

Н.Нұржігітов: Мемлекеттің көмегі ауылдағы әрбір отбасыға жетуі тиіс
ашық дереккөзі
Н.Нұржігітов: Мемлекеттің көмегі ауылдағы әрбір отбасыға жетуі тиіс
Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету, ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру, мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды. Жиынға бейнеконференция байланысы режимінде аудан әкімдері де қатысты. Кеңес барысында Нұржан Молдиярұлы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың тиімділігіне кезең-кезеңмен талдау жүргізу, сондай-ақ әрбір ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің картасын әзірлеу бойынша міндеттер қойды. Аудан әкімдеріне жайылым тапшылығы мәселесін шешу үшін бес негізгі бағыт бойынша шаралар қабылдау жүктелді. Жиында алдымен облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов ағымдағы жағдай мен биылғы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.
- Бірінші бағыт-елді мекендерден тыс орналасқан мал жаю жерлерін ауылдық округтерге бекіту қажеттігі. Жыл соңына дейін ауылдық округтерге 106,9 мың гектар жер беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда тек Жамбыл ауданында 706 гектар жер берілді. Екінші бағыт - ауылдардан бес шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді мемлекеттік меншігіне қайтару. Жоспар бойынша – 165,6 мың гектар болса, 6 айдың қорытындысымен - 5,0 мың гектар қайтарылды. Үшінші бағыт - орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды пайдалану. Әзірге тек 132 адам 112,1 мың гектар жерді иеленді. Төртінші бағыт - жер пайдаланушылармен меморандумға қол қою. Соған сәйкес, олар мал жаюға кедергі жасамауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда 2071 тұрғынмен 487 мың гектар жерді пайдалану туралы келісімге қол жеткізілді. Бесінші бағыт - пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару. Жалпы, 145,9 мың гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару жоспарлануда, 6 ай ішінде 52,6 мың гектар қайтарылды,  - деді Б.Көпбосынов.
Алайда, аудандардың барлығы дерлік бекітілген жоспарды орындауда селқостық танытқан. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне қатаң талап қойып, бұрын берілген тапсырмаларды орындамағаны үшін жер қатынастары басқармасының, аудан әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.
- Аудан әкімдері ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның көлемін ұлғайтуды сұрайды. Әрине,  жобаны іске асыру нәтижесінде мал басы өсетіні баршаға түсінікті. Егер сіздер жайылым мәселесін шешпесеңіздер, бұл малды қайда жаюға ниеттісіздер? Нақты жоспар бар, әдістеме түсіндірілді, күн сайын осы мәселелерге уақыт бөлу қажет. Біз мұны талқылап жатқанымызға бір жыл болды. Бұл іске білек сыбана кірісетін кез келді. Біз онсызда бұған көп уақытымызды жоғалттық, - деген Нұржан Нұржігітов әдіснаманы өзгертпей, бес бағыт бойынша жұмысты сапалы және уақтылы жүргізуді талап етті.
Өңір басшысы жыл соңына дейін бекітілген жоспар ешқандай себепсіз толығымен орындалуы керек екенін еске салып, жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясы тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс екендігін қадап айтты. Басқосу барысында сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармаларына, аудан әкімдіктеріне мал шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша сын-ескертпелер де айтылды. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ІҚМ аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсетілетін қызметтер субсидияланады. Десе де, бұл бағытта жергілікті деңгейде жүйелі жұмыс жолға қойылмаған.
- Жауапты тұлғалар ауыл тұрғындарына осы субсидияларды алуға неліктен көмектеспейді? Малды жасанды ұрықтандыру фермалардың өнімділігін арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, ветеринариялық-санитариялық әл-ауқатқа әсер етеді. Пилоттық жоба іске асырылып жатқан барлық округтерде бұл жұмысты толық көлемде жүргізу қажет. Субсидияларды ауыл шаруашылығы кооперативтері алатыны белгілі. Егер әкімдер бастама көтеріп, басқа ауылдық округтерде кооперативтер құрса, біз оны қолдаймыз. Біз қоғамның игілігі үшін қызмет етеміз. Халықтың табысын арттыру туралы кез келген мүмкіндікті пайдалану маңызды. Мемлекеттің көмегі ауылдағы әрбір отбасыға жетуі тиіс, - деді Нұржан Нұржігітов.
Аймақ басшысы кеңес қорытындысында облыс әкімдігі жер қатынастары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларына ескерту жасады. Айта кетейік, дәл осы мәселелер бір жетіден соң қайта қаралмақ.  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар