«Оқушыға берері көп»: Ауыл мектептерінің оқушыларына арнаған олимпиада өтіп жатыр
- авторСадуақас Айсұлу
- 29 қазан, 2024
- 598
Қазақстанда ауылдық елді мекендерде тұратын 56 мың сегізінші сынып оқушысы бақ сынайтын IQanat олимпиадасының І туры басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл сайыстың ерекшелігі – академиялық жетістіктері мен мектептегі бағаларына қарамастан, әрбір баланың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар.
Дәстүрлі тестілеулерден айырмашылығы – оқушының логикалық және математикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеруі сынды қабілеттерін бағалауға бағытталған.
"Жоба ауыл балаларына қазіргі уақытта ең қажетті дағдыларға жүйелі түрде оқытады және бұл өзінің тікелей нәтижелерін береді. IQanat бағдарламасымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантпен оқуға қабылдануда. Қазір IQanat түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр. Бұл жобаға қосылу – біздің еліміздің тұрақты дамуы мен адам капиталына инвестиция құюды білдіреді. Өйткені, дәл осындай ынталы да игі ниетті балалардан келешекте үлкен өзгерістер жасай алатын мықты ұрпақ шығады", – деді жоба қамқоршыларының бірі Алмаз Төлтаев.
Олимпиаданың бірінші турында жеңімпаз атанған 10 мыңға жуық бала екінші – облыстық турға өтіп, оның аясында тест тапсырудан бөлек, IQanat жобасының үш күндік дайындық шарасы – қарқынды білім беру және ынталандыру тренингтеріне қатысады.
Екінші турда финалға өтетін 1000-ға жуық бала айқындалады. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына оқуға қабылданып, олардың жатын орны, тамағы, формасы мен оқу материалдарына қажетті шығындары түгел өтеледі.
Финалистердің екінші бөлігі IQanat олимпиадасынан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына тегін қабылданып, оның аясында балалар ҰБТ, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалады, ағылшын тілін, IT дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді.
Бұл ретте балалардың жетістіктері оқу барысында да, одан түлеп ұшқаннан кейін де бақылауда болады.