бейсенбі, 19 қыркүйек, 2024 13:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке 5 бөлмелі пәтер мен автокөлік кілті сыйға берілді

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке 5 бөлмелі пәтер мен автокөлік кілті сыйға берілді
Фото: Алтынбек Қартабай
Ал оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке 2 бөлмелі пәтер мен автокөліктің кілті сыйға тартылды

ХХХlll жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметовке құрмет көрсетіліп, Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Тараз» орталық стадионында гала-концерт ұйымдастырылды,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Спорт шеберіне құрмет көрсету үшін 15 мыңға жуық жамбылдық жиналды.

Алдымен Елдос Сметов спорттағы жолы туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты шарада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, Франция төрінде Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметов пен оның жеке жаттықтырушысына құрмет көрсетті.

 Ел баласы – Елдос Сметов Тәуелсіз Қазақстанның тарихында дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып отыр. Данқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан кейін бірде-бір қазақ баласы бұл биікті бағындырған емес. Араға 44 жыл салып Елдос Сметов қазақтың көптен күткен арман-мақсатына қол жеткізді.

 Ербол Шырақбайұлы Қазақ елін әлем алдында паш еткен небір сайыпқырандар, саңлақ спортшылардың дені – Әулиеата топырағынан түлеп ұшқанын да тілге тиек етті. 

Олимпиада чемпиондары – Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов, Бахтияр Артаев, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, Болат Жұмәділов, Болат Ниязымбетов, Ақжүрек Таңатаровтар алты алаштың абыройын аспандатқан ел мақтаныштары!Әулиеата өңірі – чемпиондар өлкесі, мықты бапкерлер ордасы. Қасиетті Жамбыл жері – ер Елдостың жеңісінен кейін жауырыны жер иіскемеген палуандардың басты ордасы десек қателеспейміз. Елдостың ерлігі мен жеңісі барша қазақстандыққа ортақ қуаныш. Қазақспортының даңқы арта берсін! – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты додасында топ жарған Елдос Сметовке облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен демеушілердің тарапынан Тараз қаласынан 5 бөлмелі пәтер (пентхаус) және соңғы үлгідегі (Lexus 600) автокөліктің кілтін табыстады.

Ал спорт саңлағының жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке 2 бөлмелі пәтер мен автокөліктің (Hyundai Santa Fe) кілті берілді.

Салтанатты кеште сөз алған Елдос Сметов өзін қолдаған барша халыққа алғысын жеткізді. 

 Олимпиада ойындарында елімнің көк байрағын көкке көтеріп, әнұранымызды шырқату менің бала кезден бергі арманым болатын. Сол мақсатқа жету жолында аянбай тер төктім. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың тілегін орындағаныма өте қуаныштымын. Барша жанкүйерлеріме ерекше алғыс айтқым келеді. Қолдауларыңызды сезіндім. Жерлестеріме көп рақмет! – деді ҚР Париж олимпиадасының чемпионы  Елдос Сметов. 

Салтанатты шарада Олимпиада чемпионының жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев те сөз алып, ортақ мақсат пен төккен тердің ақталғанын атап өтті.

Чемпионның құрметіне ұйымдастырылған кеш  эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мен отшашуға ұласты.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар