Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- Бүгін, 13:50
- 153
Massaget.kz тілшісі педагогтардың бағалау тестін тапсыруына қатысты маңызды сұрақтарға жауап алу үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сұрау жіберді, деп жазады Jambylinfo. kz.
"Педагог мәртебесі туралы" заңның 15-тармағына сәйкес педагогтар 5 жылда бір рет аттестациядан өтуге міндетті. Ал егер мұғалім мерзімінен бұрын тапсырғысы келсе, ол алған санат уақытынан бастап екі жылдан кейін тапсыра алады.
Педагогтарды бағалау тестіне қатысуға өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданады.
- Тест тапсыру қанша теңге тұрады?
Педагогтарды бағалау тесті білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде өткізіледі. Педагогтар кезекті аттестаттауда жылына 1 рет - тегін, 1 рет - білім саласындағы уәкілетті орган бекіткен сомаға сәйкес ақылы негізде жүргізіледі. Педагогтың білімін бағалау тестілеуі 5 640 теңге.
- Тесттен өту үшін қанша ұпай жинау керек?
Бастауыш білім беру педагогтарына мынадай тапсырмалар беріледі:
"Пәндік білім" - 30 тапсырма;
"Оқыту әдістемесі" - 20 тапсырма.
Негізгі орта және жалпы орта білім беру педагогтары үшін:
"Пәндік білім" - 30 тапсырма;
"Оқыту әдістемесі" - 20 тапсырма.
Педагогтардың білімін бағалау нәтижесі шекті деңгейге жеткен кезде оң деп саналады:
"педагог" біліктілік санаты - 50%;
"педагог-модератор" біліктілік санаты - 60%;
"педагог-сарапшы" біліктілік санаты - 70%;
"педагог-зерттеуші" біліктілік санаты - 80%;
"педагог-шебер" біліктілік санаты - 90%.
- Тестте тыйым салынған затты қолданса, қандай жаза бар?
Тестте ұялы байланыс құралдарын, ноутбуктер, радиоэлектрондық байланыстың кез келген түрі (Wi-Fi), bluetooth, құлаққаптар (сымды және сымсыз), шпаргалкалар және оқу-әдістемелік әдебиеттер, калькуляторлар қолдануға болмайды.
Қатысушы сертификаттаудан өтетін ғимаратта тыйым салынған заттардың біреуін пайдалануға тырысқаны үшін жауапкершілік алады. Тест тапсырушыдан тыйым салынған зат табылса, ол бір жыл мерзімге сертификаттаудан өту құқығынан айырылады. Бейнежазбаны қарағанда тыйым салынған зат қолданғаны анықталса, нәтижелердің күші жойылады.
- Педагогтарға арналған тапсырмаларды кімдер дайындайды?
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің айтуынша, педагогтардың білімін бағалауға арналған тест спецификациясын Ұлттық тестілеу орталығы оқу-әдістемелік бірлестіктермен бірлесіп әзірлейді.
- Ұстаздардың біліктілік деңгейінің өсуі жалақысына қаншалықты әсер етеді?
Комитет педагогтарға біліктілік санатына қарай қосымша ақы төленетінін айтты.
"Қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесінің 4-қосымшасының 8-тармағына сәйкес біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының педагогтарына базалық лауазымдық айлықақыдан 30%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде педагогикалық шеберлігіне байланысты (педагог-шеберге БЛА-дан 50%, педагог-зерттеушіге БЛА-дан 40%, педагог-сарапшыға БЛА-дан 35%, педагог-модераторға БЛА-дан 30 %) қосымша ақы белгіленген", - деп жауап берді Орта білім беру комитеті.
- Қандай жағдайда мұғалімдер бағалау тестін тапсырмауына болады?
Орта білім беру комитеті ҚР "Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, бейіні бойынша 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтар жаңа жүйе бойынша бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде педагогтардың білімін бағалауды тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді қорытудан өтетінін айтты.
- Мұғалімдердің біліктілік деңгейі қандай санаттарға бөлінеді?
Еске салайық, мұғалімдер біліктілік санаты бойынша "педагог-модератор", "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер" деп бөлінеді.
- "Педагог-модератор" біліктілік санатына кімдер жатады?
Тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар адамдар, сонымен қатар біліктілігіне сәйкес педагогикалық қайта даярлау туралы құжаты бар, кемінде 2 жыл педагогикалық өтілі бар, мынадай кәсіптік құзыреттіліктері бар тұлғалар:
білім алушылардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, сабақты жоспарлайды және өткізеді, күтілетін нәтижелерге қол жеткізу үшін бағалаудың қажетті әдістемелері мен құралдарын анықтайды;
қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын қолдайды, өз жұмысында этикалық нормаларды қолданады;
білім алушылармен және ата-аналармен оқыту нәтижелері мен оны жақсарту жолдарын талқылайды;
білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге немесе аудандық (қалалық) деңгейдегі білім беруді басқару органының немесе тиісті саланың уәкілетті органының білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген жоспарына сәйкес білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылары бар болады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге немесе аудандық (қалалық) деңгейдегі білім беруді басқару органының немесе тиісті саланың уәкілетті органының білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген жоспарына сәйкес білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадалардың, конкурстардың, жарыстардың қатысушысы болып табылады.
- "Педагог-сарапшы" біліктілік санатына кімдер жатады?
Тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар адамдар, сонымен қатар біліктілігіне сәйкес педагогикалық қайта даярлау туралы құжаты, кемінде 3 жыл педагогикалық өтілі бар, мынадай кәсіптік құзыреттері бар тұлғалар:
"педагог-модератор" біліктілік санатының жалпы талаптарына сәйкес келеді, бұдан басқа:
пәнаралық (пәндік) байланыстарды, бағалау технологиялары мен стратегияларын жоспарлайды және қолданады, жеке қабілеттер мен қажеттіліктерді ескереді;
аудан/қала (облыстық маңызы бар қала) деңгейінде жұмыстың әртүрлі нысандары арқылы әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсетеді;
білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге немесе аудандық (қалалық), облыстық (облыстық маңызы бар қала, астана) деңгейдегі білім беруді басқару органының немесе білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген тиісті саланың уәкілетті органының жоспарына сәйкес аудан/қала (облыстық маңызы бар қала) деңгейіндегі конкурстарға, жарыстарға қатысушылары бар болады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге немесе аудандық (қалалық), облыстық (облыстық маңызы бар қала, астана) деңгейдегі білім беруді басқару органының немесе білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген тиісті саланың уәкілетті органының жоспарына сәйкес аудан, облыс, республикалық маңызы бар қалалар, республика деңгейінде (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін) кәсіптік шеберлік конкурстарына қатысушы болып табылады;
- "Педагог-зерттеуші" біліктілік санатына кімдер жатады?
Тиісті бейініне сәйкес жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі, кемінде 5 жыл педагогикалық өтілі бар, мынадай кәсіптік құзыреттері бар тұлғалар:
"педагог-сарапшы" біліктілік санатының жалпы талаптарына сәйкес келеді, бұдан басқа:
авторлық технологиялар мен бағалау стратегиялары негізінде оқытудың кіріктірілген үдерісін жүзеге асырады;
педагогикалық қоғамдастық үшін білім алушылардың даму мониторингінің нәтижелерін пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлейді;
әріптестерімен бірге сабақты зерттейді және білім беру ұйымдарында оқыту тәжірибесін жақсарту үшін зерттеу нәтижелерін таратады;
облыс деңгейінде (кемінде 3 (үш) ауданды/ қаланы қамти отырып) республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада, республикада (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін) тәжірибені таратады;
білім басқармасы жанындағы оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқу-әдістемелік кешендерді, бағдарламаларды әзірлейді және енгізеді;
тәлімгерлікті жүзеге асырады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге және облыстық деңгейдегі білім беру органының (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) немесе білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген тиісті саланың уәкілетті органының жоспарына сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қалалар, республика деңгейінде (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар және салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін) кәсіптік шеберлік конкурстарына қатысушы немесе педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жаттықтырушы (қолданыстағы сертификаты бар) болып табылады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге немесе облыстық деңгейдегі білім беру органының (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) немесе білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген тиісті саладағы уәкілетті органның жоспарына сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана, республика (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін) деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылары бар.
- "Педагог-шебер" біліктілік санатына кімдер жатады?
Тиісті бейіні бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білімі, кемінде 6 жыл педагогикалық өтілі бар, мынадай кәсіби құзыреттіліктері бар тұлғалар:
"педагог-зерттеуші" біліктілік санатының жалпы талаптарына сәйкес келеді, сонымен қатар:
тәжірибені зерттеу нәтижелерін ескере отырып, оқытудың кіріктірілген үдерісін жоспарлайды және жүзеге асырады;
педагогикалық қоғамдастықта білім алушыларды дамыту бойынша ынтымақтастықтың тиімді тәжірибесін таратады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқу-әдістемелік кешендерді немесе бағдарламаларды немесе әдістемелік материалдарды әзірлейді және тәжірибеге енгізеді немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі ұсынған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдар тізіміне енгізілген жарияланған оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы (бірлескен авторы) болып табылады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге немесе білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген тиісті саладағы уәкілетті органның жоспарына сәйкес республикалық немесе халықаралық деңгейдегі кәсіптік шеберлік конкурстарына қатысушы немесе педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жаттықтырушы (қолданыстағы сертификаты бар) болып табылады;
білім беру саласындағы уәкілетті орган немесе республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар немесе тиісті саланың уәкілетті органы бекіткен тізбеге сәйкес республика деңгейінде немесе халықаралық деңгейде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға, чемпионаттарға қатысушылары болады;
республикалық деңгейдегі ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының республика деңгейінде ұйымдастырған педагогтері үшін (кемінде 3 облысты қамти отырып) тәжірибені таратады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі елімізде барлық білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етіп жүргенін хабарлаған болатын.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз