Педагогтардың еңбегін бағалау үшін жаңа бастама қолға алынды
- авторСадуақас Айсұлу
- 7 сәуір, 2025
- 201

Аймақтар бойынша үздік педагогтардың реестрін рейтинг арқылы қалыптастыру жоспарлануда, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдерінің қызметін бағалауға арналған рейтинг құруды қолға алмақ. Бұл бастама педагогтардың сапалық деңгейін анықтау мен аймақтық қажеттілікті талдау үшін жасанды интеллект енгізуді көздейді.
Жобаның аясында педагогтар мен білім мекемелерінің басшылары туралы ақпарат жинақталып, аймақтық деңгейде нақты қажеттілік болжау үшін цифрлық платформа жасалады.
Жоба жетекшілері бұл бастама арқылы ашық әрі айқын критерийлер негізінде үздік педагогтар мен директорлардың тізімін қалыптастыруға сенімді. Сонымен қатар, мұндай қадам ұстаздар қауымының білім деңгейі мен тәжірибесін жақсартуға өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.
Платформа педагогтердің сандық және сапалық құрамын цифрлық мониторинг арқылы бақылап, біліктілік санаттарын беру үдерісін қатаң қадағалауды және мұғалімдердің мансаптық өсуін ашық жүргізуді қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, Қазақстанның орта білім беру ұйымдарында жақында жаңа лауазым пайда болғанын хабарлаған болатынбыз. Оқу-ағарту министрлігі бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар беруге көмектесетінін жеткізді.
Сонымен қатар, бұл бастама оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және олардың байланысын арттыруға бағытталған.
Педагог-кәсіптік бағдар берушінің негізгі міндеттері:
Оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету;
Жеке және топтық кәсіби кеңес беру;
Кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру;
Жұмыспен қамту орталықтарымен, колледждермен және кәсіпорындармен байланыс орнату;
Оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беру.