Рәміздер күніне орай түзету мекемесінде спорттық жарыс өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 маусым, 2025
- 232

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемеде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай сотталған азаматтар арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараның басты мақсаты – сотталған азаматтардың бойында отансүйгіштік сезім мен салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылықты арттыру. Сонымен қатар, бұл шара Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын насихаттауға, азаматтардың рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге бағытталған.
Жарысқа қатысушылар түрлі спорт түрлерінен – шағын футбол, қол күресі, гір тасын көтеру және арқан тарту секілді бәсекелерде өзара бақ сынасты. Әр спорт түрінде жеңімпаздар анықталып, мекеме әкімшілігі тарапынан мақтау қағаздары және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандардың оң әлеуметтік ортаға бейімделуіне, ұжымда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен септігін тигізеді.
Рәміздер күні аясында өткен спорттық жарыс азаматтар үшін мерекелік рух сыйлап, тәрбиелік мәні зор шара ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.