Сара Назарбаева Президент Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальден шықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Медициналық мекеме таратқан ақпаратқа сәйкес, пациент толық емдеу курсынан өткен және 2026 жылдың қаңтар айынан бастап дәрігерлердің амбулаториялық бақылауына алынған.
Аурухана өкілдері денсаулық жағдайына, қойылған диагнозға, қолданылған емдеу әдістері мен оның нәтижелеріне қатысты басқа мәліметтердің Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес дәрігерлік құпия саналатынын және жарияланбайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Сара Назарбаеваның ауруханаға жатқызылғаны жөніндегі ақпарат 2025 жылғы 5 мамырда белгілі болған еді. Ол кезде оның жағдайы ауыр деп хабарланған.
Осыдан бірнеше күн өткен соң әлеуметтік желілерде оның қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады. Алайда ресми дереккөздер бұл мәліметті жоққа шығарып, шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.






