Иранда адам құқықтарын қорғаушы, 2023 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері Наргес Мохаммади 7,5 жылға түрмеге қамалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Silkway телеграм арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
53 жастағы белсенді 2025 жылғы желтоқсанда адвокат Хосров Аликордиді еске алу шарасы кезінде ұсталған. Сот шешімімен оған «заңсыз жиналыстарға қатысу және сөз байласу» үшін 6 жыл, «насихат жүргізу» айыбы бойынша 1,5 жыл жаза берілген.
Жаза мерзімі аяқталған соң, Мохаммадиге екі жыл бойы елден шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ осы уақыт ішінде Хусф қаласында тұруы тиіс.
Адвокаттарының айтуынша, денсаулығы нашарлағанына байланысты ол қысқа уақытқа ауруханаға жеткізілген, бірақ кейін қайтадан қамауға алынған. Қорғау тарапы оны ем алу үшін уақытша босату мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Наргес Мохаммади – Ирандағы Адам құқықтарын қорғау орталығының вице-президенті. Ол соңғы 20 жылда билікті сынағаны үшін бірнеше рет қудаланып, барлығы 13 рет ұсталған. Бұған дейінгі үкімдер бойынша жалпы жаза мерзімі 31 жылды құраған.






