
Ауыл кіреберісіне 40 жыл бұрынғы мектеп түлектері заманауи стелла орнатып, туған елге деген сүйіспеншілік пен перзенттік парыздың айшықты үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Шақпақ ауылдық округі» деген жазуы бар, қанатын кеңге жайған бүркіт бейнеленген стелла – елдік пен еркіндіктің символындай ел есінде сақталары анық.
Салтанатты ашылу рәсіміне елге сыйлы азаматтар – Қайсар Сұлтанбаев пен Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Жұмашев қатысып, лентасын қиып, қуанышты сәтке ортақтасты. Олар өз сөздерінде туған жерге тағзым ету — әр азаматтың борышы екенін айтып, мұндай игі бастамалар елдің рухани байлығын арттыра түсетінін жеткізді.
Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Садыққызы түлектерге аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, ауылдың дамуына қосқан үлесі үшін түлектерге арнайы алғыс хат табыстады.
Ал, Жуалы аудандық мәслихатының төрағасы Зиятхан Бүрлібаев пен аудан әкімінің кеңесшісі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбдікерім Үркімбаев түлектердің бұл бастамасы көпке үлгі боларлық іс екенін атап өтті.
Аталған стелланың авторы — кәсіби дизайнер Ұлан Айхожаев. Ол Қайсар Сұлтанбаевқа Бауыржан Момышұлының қолтаңбасы қойылған кітапты сыйға тартып, тарихи-рухани естелікті ұсынды.
Шара барысында ауыл тұрғындары 40 жылдық түлектерге ақжарма алғысын білдіріп, ыстық ықыластарын жеткізді. Сонымен қатар, №4 Балалар өнер мектебінің оқушылары ұйымдастырған шағын концерт жиынға көркем әр мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.