«Шер ағаның шекпенінен шықпасам да...» атты кітаптың таныстырылымы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 27 ақпан, 2025
- 212
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Сейілханның «Шер ағаның шекпенінен шықпасам да...» атты кітабының таныстырылымы және бенефис кеші өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерейтой иесінің бенефис кешін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ұйымдастырған.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов, Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, сондай-ақ Асқарбек Сейілханның әріптестері мен шәкірттері және оқырман қауым қатысты.
Бенефис кеші халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жазбаларынан дайындалған қойылыммен басталып, мәдениет майталманы Шераға образымен көпшілік алдында монолог оқыды.
Бұдан кейін кеш жүргізушісі Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық Асқарбек Ақылшаұлын ортаға шақырып, кітапта баяндалған ерекше оқиғалар турасында сұрақтар қойды. Бұл сауалдарға тек кеш иесі ғана емес, оқиға куәгерлері де жауап беріп, қызықты естеліктерін де айтты.
Сонымен қатар «Jambyl» телеарнасы дайындаған бейнефильм көрсетілді.
Кеш барысында актер Асқарбек Сейлілханның сахналаған образдарынан Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналық қойылым қойды.
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыстың оқулық қоры тағы бір құнды кітаппен толықты. Асқарбек Сейілхан «Шераға шекпенінен шықпасам да...» кітабының таныстырылымында қазақы «сыр сандықты» символикалық кілтпен ашып, кітаптарын оушыларға ұстатты. Ал орталық тарапынан авторға іс-шара басталғалы елдің ықыласы, ізгі тілегі жазылған «тілек кітабы» берілді.
- 75 жасқа келгенде алды артымызға қарап, өзімізге есеп беріп, осындай кітап жазып отырмыз. Осы іс-шараны ұйымдастырып отырған Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығына мың алғыс. Мұнда отырған кісілердің барлығы кітапқа құмар. Оның үстіне биыл «Әулиеата - кітап оқитын өңір» жобасы іске асып жатыр. Кітап оқиық. Оқып қана қоймай, білім-өнеге алайық,- деді Асқарбек Сейілхан.
Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Асқарбек Сейілханды биылғы мерейтойымен құттықтап, облыс әкімінің атынан «Құрмет» грамотасын табыстады.