Шерхан Мұртаза институтында АЭС салу мәселесі талқыланды
- авторjambylinfo.kz
- 20 қыркүйек, 2024
- 589
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын талқылау аясында ұйымдастырылған.
Президент өз Жолдауында Қазақстанда атом энергетикасын дамыту қажеттілігіне ерекше тоқталып өтті. Президент атап өткендей: «Қазақстанда атом электр станциясын салу – бұл елді тұрақты және экологиялық таза энергия көзімен қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға мүмкіндік беретін қадам». Сонымен қатар, ол экологиялық стандарттарды қатаң сақтау және осы мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізудің маңыздылығын атап өтті: «Әр шешім мұқият ойластырылуы керек, ал қоғам пікірі ескерілуі тиіс»,-деді.
Дөңгелек үстелде бірінші болып Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық институтының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков «Энергетикалық қауіпсіздіктің экологиялық факторлары» тақырыбында баяндама жасап, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту барысында қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Ал «Жаратылыстану» факультеті «Жаратылыстану пәндері» кафедрасының PhD докторы Әлия Омарова «АЭС салудың тиімділігі, пайдасы мен зияны» тақырыбында баяндама жасады.
«Ол атом электр станцияларын салудың барлық аспектілерін талдап, олардың тұрақты энергиямен қамтамасыз етудегі тиімділігін, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді атап өтті. Өз сөзінде: «Атом электр станциялары энергетикалық жүйеміздің маңызды бөлігіне айналуы мүмкін, бірақ барлық тәуекелдер ескеріліп, олардың іске асырылуына дайындықтың нормативтік базасы жасалуы тиіс», - деді ол өз баяндамасында.
Сондай-ақ жиында «Экономика және бизнес» факультетінің деканы, доктор Жарас Қуатбеков болса «Атом энергетикасының экономикалық тиімділігі» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстандағы атом энергетикасын енгізудің экономикалық пайдасын және оның ұзақ мерзімді экономикалық өсуге қосатын үлесін талқылады.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар энергия көздерін әртараптандыру, энергетикадағы инновациялар және Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жақсарту үшін қажетті шараларды талқылады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз