Талғарда аса ірі көлемдегі психотроптық заттарды тасымалдаған курьер ұсталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 13 маусым, 2025
- 223

Алматы облысында "Қарасора-2025" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер аса ірі көлемдегі психотроптық заттарды тасымалдаған курьерді ұстады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық полиция басқармасының қызметкерлері Талғар ауданында Volkswagen Jetta көлігін тоқтатып, 33 жастағы Алматы қаласының тұрғынын қолға түсірді.
Көлік салонын тексеру барысында алдыңғы орындықтың астынан ерекше иісі бар сөмке табылған. Кейін күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде ақ ұнтақ заттар, түрлі-түсті таблеткалар, электронды таразылар, орау материалдары мен магниттер тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде бұл заттардың 200 грамнан астам 3-хлорметкатинон және 180 грамнан астам метилендиоксиметамфетамин (экстази) екені анықталды.
Тергеу барысында күдіктінің осы жылдың ақпан айынан бастап интернет-дүкеннің есірткі курьері ретінде жұмыс істегені және төлемді криптовалюта арқылы алып отырғаны белгілі болды.
Есірткі жеткізу арналары мен қылмыстық сызбаның басқа қатысушыларын анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жалғасуда.