жұма, 22 қараша, 2024 20:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таласта ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда

Таласта ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда
ашық дереккөз
Биыл өңірде ауылшаруашылық дақылдары 644,5 мың гектарға себіледі. Нақтырақ айтқанда, 364,7 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 45,8 мың гектарға майлы дақылдар, 7,9 мың гектарға қант қызылшасы, 4,5 мың гектарға картоп, 23,1 мың гектарға көкөніс, 7,9 мың гектарға бақша дақылдары және 190,5 мың гектарға мал азығы орналастырылады деп жоспарланып отыр.

 Бүгінгі күні Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Барлығы 6 975 гектар жер жыртылып, 2 780 гектар алқап егіске дайындалған. Одан бөлек 1 280 гектарға арпа, 225 гектарға көкөніс, 32 гектарға картоп егілген. Дала жұмыстарына қажетті 44,8 мың тонна тұқымның 42,9 мың тоннасы дайындалыпты. Бұл қажетті тұқым көлемінің 96 пайызын құрайды. Ал жетіспейтін тұқым көлемі облысымызда және көрші облыстарда тұқым өндіруге және сатуға аттестатталған шаруа қожалықтар тарапынан толықтырылады. Сондай-ақ биылғы егіс жұмыстарына 7 311 ауылшаруашылық техникасы (4 585 трактор, 1 234 соқа, 580 қопсытқыш, 822 дәнсепкіш, 90 тұқым дәрілегіш) жұмылдырылады. Дала жұмыстарына қажетті дизель отыны 10,8 мың тоннаны құраса, 2,9 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, 826,7 тоннасы шаруашылықтарға таратылыпты. Жанар-жағармай 250 теңгеден босатылуда. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы арқылы 2,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күні 1,2 миллиард теңгеге 77 өтінім мақұлданып, төлем жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте «көктемнің бір күнін жылға азық» санаған шаруалар таңмен таласа тірлік етіп жатқанын айта кету керек. Жоғарыда сөз етілгендей, аудандардың бірі даланы еңбек дүбіріне бөлеуді бастаса, енді бірі науқандық жұмыстарға тастүйін дайын. Талас ауданында 2024 жылдың өнімі үшін барлығы 11 648 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылады. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан 2024 жылдың өнімі үшін 4 500 гектарға күздік бидай егілетінін, қазірге дейін 810 тонна тұқым себілгенін сөз етті. Тұқымның 37 тоннасы – элита, 85 тоннасы – І репродукция, 688 тоннасы – ІІІ репродукция. – Көктем айларында 2 963 гектарға ауылшаруашылық дақылдары орналастырылады. Нақтырақ айтсақ, 1 050 гектарға жаздық арпа, 195 гектарға дәндік жүгері, сондай-ақ мақсары 350 гектарға, қант қызылшасы 135 гектарға отырғызылады. Сонымен қатар 80 гектарға картоп, 155 гектарға бақша, 158 гектарға көкөніс және 840 гектарға көпжылдық шөп егіледі. Қазіргі таңда 90 гектар қант қызылшасы және 40 гектар бақша дақылдарының жері жыртылып, тұқым себуге дайындалды. 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарына ақпан-сәуір айларына жалпы 330,8 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Аудан бойынша «Сарыпбекова» жеке кәсіпкерлігі таратушы оператор болып бекітілді. Шаруашылықтарға арзандатылған түрде тарату бағасы – 250 теңге. Аудан бойынша 2024 жылы жалпы 600 тонна тыңайтқыш алу жоспарланды. Ақкөл ауылдық округінен 1 шаруа қожалық 20 тонна аммофос, Бостандық ауылдық округінен де 1 шаруашылық 20 тонна аммиак селитрасын алуға құжаттарын өткізді. Берікқара, Қаратау, Тамды ауылдық округтеріндегі шаруалар минералды тыңайтқыш пайдалануға ниет білдіріп отыр. Көктемгі дала жұмыстарына 439 ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылады. Өткен жылы 417,8 миллион теңгеге 100 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Осылайша техникаларды жаңарту жоспары 12,6 пайызға орындалды. Биыл 81 техниканы жаңалау жоспарлануда, – дейді Жандос Бақытұлы. Ауданда мал санын көбейтуге де ден қойылыпты. Бүгінде мүйізді ірі қара саны 30 538-ге, қой-ешкі 343 203-ке, жылқы 14 094-ке, түйе 2 112-ге, үй құстары 40 749-ға жеткен. Сол секілді қаңтар-ақпан айларында өндірілген мал мен құс еті 1423,3 тоннаны, сүт 612,1 тоннаны, жұмыртқа 470 мың дананы құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің көрсеткіштерімен салыстырғанда ет 101,7 пайызға, сүт 101,5 пайызға, жұмыртқа 100,4 пайызға орындалғанын көрсетеді. Биыл екі айда ауылшаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 16 964 мың теңге болған. Аудан шаруаларына несие үлестіру де маңызды істің бірі. Несиелеу бағдарламаларының орындалуы бойынша «Әулие- Ата» несие серіктестігі арқылы «Агробизнес» бағдарламасы аясында 2 жобаға 46 миллион теңге несиеге өтінім беріліпті. «Кең дала» несиелік бағдарламасы бойынша Бостандық ауылдық округінен «Жаңалық» және «Демеш» шаруа қожалықтары тиісті құжаттарын жинақтап жатыр екен. Биыл 230 гектар егістік алқабына тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдану көзделіпті. «Зерхат» шаруа қожалығы 160 гектарға, «Шәріпбай», «Исақұл», «Демеш» және «Тойшыман» шаруа қожалықтары 70 гектарға су үнемдеу технологияларын қолданғанды жөн көріпті. «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылы Ойық ауылдық округінде іске асырылып, барлық 5 бағыт бойынша 113 жобаға 643,09 миллион теңге бөлініпті. Жобаның малшаруашылығын тиімді пайдалану бағыты бойынша 112 ауыл тұрғынына несие келісімі беріліп, жалпы сомасы 554 миллион 140 мың теңгеге 4 685 бас мал сатып алыныпты. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды мақсатына жаратқан ауыл тұрғыны жеке көлік жөндеу орталығы мен өз-өзіне қызмет көрсету орнын ашқан. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы Бостандық, Берікқара, Аққұм, Ақкөл және С.Шәкіров ауылдық округтерінде іске асырылуда.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар