бейсенбі, 30 қаңтар, 2025 10:19

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Таразда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Фото Jambylinfo.kz
Жәрмеңкеге өңірдегі 25 жұмыс беруші қатысты

  Бүгін Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен бос жұмыс орындары жәрменкесі «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тараз қаласы бойынша «Мансап орталық» филиалының басшылары мен қызметкерлері, жұмыс беруші мекемелер, қала көлеміндегі жұмыссыз азаматтар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.    
Бұл шара жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған.
Жәрмеңкеге өңірдегі 25 жұмыс беруші қатысып, олар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өндіріс және сервистік қызмет көрсету сияқты түрлі салалар бойынша 185 бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, жәрмеңкеге пробациялық есепте тұрған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да шақырылып, олардың да еңбек нарығына қатысуына жағдай жасалды.
Шара барысында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер тікелей әңгімелесіп, талаптар мен шарттарды талқылауға мүмкіндік алды. Әсіресе, қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өткен және сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары екендігі атап өтілді.
Жамбыл облысы бойынша еңбек мобильді орталығының директоры Серік Әлібековтың айтуынша, бұл шара – 2025 жылдың "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялануына байланысты қолға алынған маңызды қадамдардың бірі.   Бүгінгі жәрмеңкенің нәтижесінде 97 жұмыссыз адам қатысып, жұмыс берушілермен сұхбаттасып, 17-сі жұмысқа орналасты, оның ішінде  15 тұрақты жұмысқа, 2-і жастар тәжірибесіне белсенді шараларға тартылып отыр.

«Біз бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тұрақты түрде ұйымдастырып тұрамыз. 2024 жылы 128 рет жәрмеңке өткізіліп, оған 2500-ден астам жұмыс беруші мен 5000-нан астам жұмыс іздеуші қатысты. Нәтижесінде 1300 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, биыл бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Биылғы жоспар – былтырғы көрсеткіштерді екі есеге асыра орындау. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтаған азаматтарды және сұраныстағы мамандықтар бойынша жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз»,- дейді Серік Әлібеков.
Бүгінгі  жұмыс орындары жәрмеңкесіне пробациялық есепте тұрған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да жәрмеңкеге қатысты.
«Біз әңгімелесу барысында қатысушылардың өздеріне ұнаған жұмысқа орналасатынына үміттіміз. Бүгінгі еңбек жәрмеңкесіне  пробациялық есепте тұрған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бүгінгі жәрмеңкеге қатысты. Бұл азаматтарды жұмыспен қамту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Қазіргі таңда нарықта білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салалары, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету орындарында мамандарға сұраныс жоғары. Біздің басты мақсатымыз – еңбекке қабілетті азаматтардың барлығын жұмыспен қамтамасыз ету және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін азайту",-деді Жамбыл облысы бойынша еңбек мобильді орталығының директоры Серік Әлібеков


Ал бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан пробациялық есепте тұрған Батырбек Қалдыбайұлы қайтарымсыз грант қаражатын алуға ниетті екенін, осы арқылы жеке кәсібін ашқысы келетінін тілге тиек етті.
 

"Бүгін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмысқа орналасу үшін келдім. Үш ай бұрын түзеу мекемесінен шықтым және қазіргі таңда провациялық есепте тұрмын. Түзеу мекемесінде 3 жыл жазамды өтеп шықтым. Бұл шараға мені провациялық түзеу мекемесінің қызметкерлері жіберді. Өзім өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың бірімін. Үй жағдайында бастырманың астында жиһаз жасаймын. Бұл кәсіпті түзеу мекемесінде жүрген кезде үйрендім. Бүгінгі жұмыс орындар жәрмеңкесіне келіп,  қайтарымсыз грант қаражатын алуға болатынын білдім. Ол қаражатқа құрал-жабдықтар мен станоктар алуға болатындығын айтты. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Өз кәсібімді ашып, жұмысымды дамытқым келеді. Бұл жәрмеңке менің кәсіби жолымды одан әрі дамытуға септігін тигізеді деп үміттенемін",-деді Батырбек Қалдыбайұлы ағынан жарылып. 

Ал бүгінгі өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл мұндай жәрмеңкені өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артық өткізу жоспарланған. 
Бұл бастама арқылы қалада тек жұмыссыздық деңгейін төмендету ғана емес, еңбек нарығындағы мамандар тапшылығын жоюға да назар аударылады.
Жәрмеңке барысында қатысушыларға жұмысқа орналасу және қайта даярлау курстары туралы кеңестер беріліп, жұмыс берушілердің талаптары мен ұсыныстары талқыланды. Сонымен қатар, еңбек мобильді орталығының қызметкерлері жұмыс іздеушілерді еңбек нарығында өз орнын табуға бағыттауда үлкен көмек көрсетуде.
Қазіргі таңда өңірде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және сервистік қызмет көрсету салалары бойынша мамандарға сұраныс ерекше жоғары. Осыған орай, жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау және кәсіби оқыту курстарына тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Жәрмеңкеге қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар өздеріне сенімділік беріп, жаңа жұмыс табуға үлкен мүмкіндік ашады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, жәрмеңке қорытындысы бойынша көптеген азаматтар тұрақты жұмысқа орналасады деп күтілуде
Бұл жәрмеңке – облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту бағытында қолға алынған нақты қадамдардың бірі екені сөзсіз.

 

Бақытжан Бекболат 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар