Таразда құрылыс бөлімінің басшысы 4 жылға сотталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 22 мамыр, 2025
- 352

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Осы бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тараз қаласындағы құрылыс саласында орын алған жемқорлық дерегін анықтады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Агенттіктің мәліметінше, Тараз қалалық соты қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаев пен мердігер ұйым өкілі Олжас Ерболатұлын қылмыстық жауапкершілікке тартты. Тергеу барысында Нұрбол Қалдыбаевтың әлеуметтік осал топтарға арналған көпқабатты тұрғын үй құрылысына бөлінген мемлекеттік қаржыға байланысты жалған қабылдау актілеріне қол қойып, заңсыз ақша аударғаны белгілі болды. Ал Олжас Ерболатұлы мемлекеттік қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот шешімі бойынша Нұрбол Қалдыбаев 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ету құқығынан айырылды. Ал Олжас Ерболатұлына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оған қаржы бөлуге байланысты лауазымдарды атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Алайда бұл үкім әзірге заңды күшіне енбеген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағы және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, соттың заңды шешімі шыққанға дейін адам кінәсіз деп есептеледі.