Таразда Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге арналған құрмет кеші өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 6 мамыр, 2025
- 301
9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты мерекелік шара өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты жиынға I дәрежелі ұшқыш-майор, МИ-8МТ тікұшағының командирі Батырбек Рысқұлов, ардагерлер Дүкенбай Ермеков, Сейтхан Қуантаев, Қайрадин Абдуллаев, сондай-ақ 40336 әскери бөлімінің сарбаздары, Жамбыл облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен шекара қызметінің өкілдері қатысты.
Шара барысында қатысушылар соғыстың ел тарихындағы орнына тоқталып, ерлік пен елдік туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Жеңістің оңай келмегенін, оның әрбір сәті адам өмірімен өлшенетінін атап өтті. Жас ұрпаққа ерлік – мәңгілік мұра, бейбіт өмір – баға жетпес құндылық екені жеткізілді.
Мерекелік шарада Тараз қаласы №2 орта мектеп оқушыларының Жеңіс күніне арналған өлеңдері мен «Шабыт» үйірмесі өнері көрсетіп, соғыс жылдарынан сыр шертетін әсерлі әндер орындалды.
Мұндай рухани іс-шаралар – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді нығайтып, ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды бастама болып қала бермек.